Елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі қалай іске асып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі қалай іске асып жатыр?

04.09.2018

Өңірлер Президенттің студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Меже  - бес жылда 75 000 орындық жатақхана салу. Әзірге бұл жұмыс қарқын ала қойған жоқ. Сондықтан, өңірлерде жатақхана жетіспеушілігі әлі де бар. Бірақ, жергілікті билік пен жоғары оқу орын басшылары студенттерді мүмкіндігінше жатахқанамен қамтуға тырысуда. 

Министрлік мәліметінше, өткен оқу жылы 492 мың студент оқыған. Олардың 40 пайызы немесе 203 мыңы өзге қаладан немесе ауыл-аймақтан келіп оқитындар. Оның 85 000 немесе 42 пайызы жатахқана қажет етеді екен. Студент саны әсіресе, Астана мен Алматыда көп. Астанада 5000-дай Алматыда - 4700. Астанада әсіресе Медицина университетінде жағдай мүшкіл. 7000-ға жуық студенті бар. Ал, жатахқанадағы орын саны - 1028. Оқу орнының жатақханасының салынғанына 50 жылдан асты. Мәселені министр де біледі. «Бес бастама аясында әкімдіктен жер сұрап жедел құрылыс бастаймыз», деп отыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Расында осындай мәселе бар. Жатақхана жетіспейді. Қазір әкімдіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Бізге жер бөлсе, университеттің құрылыс бастауға мүмкіндік бар.

Алматыдағы жағдайда осыған ұқсас. 22 мың студент жатақханаға мұқтаж. Әкімдік биыл 37 жатахқана салуды бастаған. 7 нысанның құрылысы басталды. 4-еуі биыл аяқталады. Құрылысты қадағалауға қала басшысының өзі бел шешіп кіріскен. Мысалы, Қазақстан инженерлік технологиялық университеті 1 қабатты ескі жатахқананы бұзып, алты қабатты ғимарат салған. Осылайша, студенттердің сұранысын толық орындады.

Нұрлан Темірбеков, Қазақстан инженерлік технологиялық университетінің ректоры:

- Әрбір қабатта студенттерге арналған ас дайындайтын бөлме, конференц залы бар. Барлық бөлмелер интернетпен қамтамасыз етілген.

Жамбыл облысы да бұл тапсырманы өзінше шешуге кіріскен. Жаңадан құрылыс бастағанша Тараз қонақ үйін сатып алып, жатақхана етіп бейімдей бастапты. 1960 жылдары салынған 6 қабатты ғимараттың әр қабатында қырық бөлме бар. Осылайша, 400 орындық жатақхана биыл дайын болады.

Атырауда да биыл бес жастахқананың құрылысы басталды. Тағы бірнешеуінің құжаттары әзірленуде. Күні кеше Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының студентеріне 100 орындық жатақхана берілді.

Аймекен Құрмашева, «Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің 3 курс студенті:

- Мен Атырау облысы Индер ауданы Бөкене ауылында тұрамын. Біз бұл жатахқананың салынғанына өте қуаныштымыз. Бұл алыс аудандарда тұратын болашақ студенттерге өте керекті жағдай.

Президенттің бес бастамасының бірі жатақхана салу жұмысын өзге өңірлерде де басталып кетті. Бұл мақсатқа жыл сайын 100 миллион теңге бөлу көзделген. Бағдарламаның басты операторы Қаржы орталығы.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу