Сирияда қаза тапқан аға-жеңгесінің екі баласын қарындасы елге жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирияда қаза тапқан аға-жеңгесінің екі баласын қарындасы елге жеткізе алмай отыр

04.09.2018

Қарағандылық Ғанибет Тәжмағанбетова Сириядағы бауырларын елге қайтару үшін құзырлы органдардан көмек сұрайды. Жат жерде көз жұмған ағасының балаларын қазір бейтаныс жандар асырап алған. Ерлі-зайыптылар осыдан 6 жыл бұрын Мысырдың Александрия қаласына кеткен.  Көп ұзамай құзырлы органдар олардың Ауған-Пәкістан шекарасында қайтыс болғанын хабарлаған. Ал, балалары белгісіз себептермен Сирия аумағынан бірақ шыққан. Ғанибет Тәжмағанбетованың ендігі мақсаты – бауырларын аман-есен елге қайтару.

Бұл бейнежазбадағы сәби ерлі-зайыптылар Бексейітов Еркін мен Теміржанова Индираның кенже баласы Әбдірахман. Қазақстаннан Мысырға оқуға аттанғанда ерлі-зайыптылар 3 жастағы Аделя және 7 айлық Абдулла есімді екі баласын ала кеткен. Ал, Әбдірахман болса Пәкістанда дүниеге келген. Соңғы рет Еркін қарындасы Ғанибетке 2013 жылдың орта тұсында хабарласыпты. Осыдан соң жақын-жуықтары тек 5 жылдан кейін ғана тиісті органдардан Еркін мен Индираның 2013 жылы Ауған-Пәкістан шекарасында қайтыс болғанын естіген. Ұлдары Абдулла сары ауруға шалдығып, жат жерде дүние салған. Ал, қалған екі бала туралы Сирияда тұрып жатқан қазақстандық әйелдің Оралдағы анасынан әлеуметтік желі арқылы біліпті.

Ғанибет Тәжмағанбетова, Е.Бексейітовтің қарындасы:

- Ол кісі Түркияда Стамбул қаласында тұрған. Балалар Түркияда мектепке барған, біреуі балабақшаға барған. Сол жерде медициналық көмек көрсетілген. Бірақ, босқын ретінде жүргендіктен олардың Қазақстанның балалары екенін ешкім білмеген. Енді қазір хабарласып отырған жері Сириядағы Абу Кемал ауданы Суса. «Біз қоршауда отырмыз», - дейді.  

Балалар қазір Сирияның ту қиырындағы Суса ауылында тұратын Максим Айдана есімді азаматшаның қолында. Орыс жігітіне тұрмысқа шыққандықтан, тегін өзгерткен. Айдана тек интернетке қолы жеткен кезде ғана балалардың жақын-жуықтарымен байланысқа шығады екен.

Ғанибет Тәжмағанбетова, Е.Бексейітовтің қарындасы:

- Сыртқы істер министрлігінен, консулдардан сұрайтыным, бізге қол ұшын берсе. Әбдірахман мен Адикошымызды әкеліп берсе бізге.

Ертең, яғни қыркүйектің 5-сі күні Ғанибет Тәжмағанбетова Астанаға жолға шығып Сыртқы істер министрлігіне бармақ. «Көздің ақ пен қарасындай қос бауырын қалай да елге аман-есен қайтарып алсам», - дейді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу