Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан мемлекеттер тарихи нысандарды бірлесіп қорғауы қажет. Сондықтан, Қазақстан тарапы Еуразия кеңістігіндегі елдерді, ЮНЕСКО аясында жұмыла жұмыс істеуге шақырып отыр. Бұл туралы ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен, Татарстан астанасында өтіп жатқан мәдениетаралық диалог жөніндегі форумда айтылды.
Ұлтаралық және дінаралық татулық. Ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны сақтау. Осы және өзге де маңызды мәселелерді талқылау үшін Қазан қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ғалым-археологтар, әлеуметтанушылар, қоғам қайраткерлері мен дипломаттар жиналды. Бұл форумға қазақ делегациясы тарихи нысандарды сақтау тұрғысында нақты ұсыныспен келді.
Дмитрий Воякин, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы ұлттық комиссиясының мүшесі:
-Ұлы Жібек жолының бойындағы бір нысанды емес бір топ нысанды, бір ел ғана емес бірнеше мемлекет бірлесіп ЮНЕСКО-ға ұсынуы тиіс. Қазақстан бұл кеңістіктің дәл ортасында тұр, яғни, Еуразияның жүрегі саналады. 2014 жылы Қазақстан, Қытай және Қырғызстан тарапы бірлесіп Жібек жолының бойындағы нысандарды халықаралық дәрежеде қорғауға қол жеткізді. Меніңше, бұл процеске енді Өзбекстан, Тәжікстан және Татарстан тараптары қосылуы тиіс. Бұл ұсынысты әріптестеріміз қолдап отыр.
Ел мен елдің достығын арттырып, саясаттың салқынын жоятын – ғылым мен мәдениет. Сондықтан, форумға жиналғандар халықаралық гуманитарлық қарым-қатынасты жандандыру жайын баса айтты. Бұл бағытта Қазақстан мен Ресейдің, соның ішінде Татарстан өңірінің байланысы барынша берік.
Минтимер Шаймиев, Татарстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі:
-Біз ЮНЕСКО ұйымына бірқатар нысандарды енгізген кезде Қазақстан тарапынан үлкен қолдау алдық. Барлық мемлекеттер дауыс берер алдында, Қазақ елі келтірген аргументтерінің арқасында татарстандық нысандар көпшілік қолдауына ие болды. Жалпы, Қазақстан мен Татарстанның ынтымақтастығы барлық салада дамып жатыр. Сіздердің елдеріңіз көп мәселеде бізден ілгері. Соның бір дәлелі ретінде қазақ мемлекеттілігін нығайту ісін айтар едім.
Мәдениетаралық диалог жөніндегі Қазан халықаралық форумы 3 күн бойы өтеді. Осы аралықта тараптар тың жобаларды талқылап, мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың жаңа жолдарын іздейді. Сонымен қатар, шетелдік меймандар ЮНЕСКО қарауындағы бірқатар татарстандық нысандарды аралайды.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.