Шымкент қаласындағы екі мектепте орын жетіспегендіктен оқушыларға өзге ғимаратта оқуға тура келді. Биыл мектеп табалдырығын аттаған шәкірттердің бір бөлігі колледж ғимаратына жайғасса, екінші білім ұясының оқушылары көрші мектепке баруға мәжбүр.
Шымкенттегі №1 мектеп гимназиясының табалдырығын биыл 590 бүлдіршін аттады. Жаңадан 16 сынып жасақталды. Оның алтауы қазақ, оны орыс сыныбы. Осылайша, 900 орынға лайықталған мектептегі бала саны 4 мың 200-ге жетті. Білім ұясында бөлме жетпейтін болғандықтан 1-сынып оқушыларын тұтастай жолдың қарсы бетіндегі колледж ғимаратына жайғастыруға тура келді.
Гүлназ Әбілдаева, А. Пушкин атындағы мектеп гимназиясының директоры:
- Ғимараттарды толығымен бастауыш сыныптарға арнап жасақтадық. Қоңырау, барлық жоспарларымызды, ұстаздарымыз да барлығы өзіміздікі. Сондықтан да ғимаратқа байланысты емес, жақсы ұстаз бар жерде сапалы білім бар.
Шаһардағы №23 мектепте де тап осы жағдай. Оқушылар сыймайтын болған соң көрші білім ұясының ғимаратын алуға тура келді. 1-сынып оқушыларының өзге ғимаратта оқитыны тамыз айында белгілі болды. Екі мектептің басшылығы ата-аналардың барлығын алдын ала бұл жайттан хабардар етіп шықты.
Алмагүл Бөкеева, ата-ана:
- Оған қарамай мен осы мектепке баламды бердім. Ешнәрсе етпейді.
Шымкент қаласы бойынша өткен оқу жылында 7 мың 600 шәкірт мектеп бітірсе, биылғы қыркүйекте 24 мыңнан астам бүлдіршін 1-сынып партасына жайғасты. Яғни, 1-сыныпқа барғандар саны түлектерден үш есе көп. Оқушы санының артуына байланысты қазір қаладағы 1 мектепте сабақ үш ауысымда жүруде. Тағы 11 білім ұясында бала саны тіптен көп.
Сондай-ақ, мемлекет қаржысына келер жылы Шымкентте 11 мектептің құрылысы басталғалы отыр. Бүгінде оның бесеуінің жобалау құжаттары әзір.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.