Атырауда экологиялық ахуал күн санап ушығып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда экологиялық ахуал күн санап ушығып барады

10.09.2018

Қоршаған ортаға  залал келтірген жергілікті ірі мұнай компанияларына миллиардтаған айыппұл салынуда. Өңірдегі қоғам белсенділері болса, тығырықтан шығар жол іздестіруде.

Әлсін-әлсін ауаның ластану деңгейін өлшеп жүретін Арман Хайруллин  экологияның күн санап нашарлап бара жатқанына алаңдаулы. Қоғам белсендісі шарасыз күйде қол қусырып отыра бергісі жоқ. Ол төңірекке ауаны тазартатын қасиеті бар топинамбур өсімдігін өсіргісі келеді. Бірақ, бұл бастамасы әзірге қолдау таппай отыр.

Арман Хайруллин, қоғам белсендісі:

- Облыстық әкімдіктегі мамандар топинамбур Атыраудың жағдайында өспейді деген уәж айтады. Бірақ, біздер Сәтбаев көшесі бойындағы балалар алаңына осыны қорғаныс белдеуі қылып жасадық, автотрассадан.Тамаша өсіп тұр. Бойы екі метрге жетіп жатыр.

Дерті табиғаттың ластанып кетуімен байланысты науқастардың көбейгенін дәрігерлер де жасырмайды. «Мәселен, тыныс жолы ауруларына шалдыққан атыраулықтардың қатары артқан», -дейді мамандар.

Сайын Шомыров, Атырау облыстық ауруханасының директоры:

- Экология өзгергеннен кейін, адамның да денсаулығы өзгеретініне ешкімнің күмәні жоқ.

Өңір экологтарының көрсеткіштері де мәз емес. Былтыр  қоршаған ортаға залал келтірген кәсіпорындарға 577 млн. теңге айыппұл салынса, 8 айда ғана 9 млрд. теңгеден астам айыппұл тағайындалды.  Солардың ішіндегі ең ірі сома «Ембімұнайгаз»-ға тиесілі. Кәсіпорыннан 8млрд. 900 млн. теңге өндірілмек.

Қайратқали  Хайрулла, Атырау облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

-«Ембімұнайгаз» мекемесіне ол айыппұлдан бөлек, қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру бойынша ұсыныс беріледі. Одан бөлек,  факелдардағы газдың жағылуына тыйым салдыру туралы сотқа біз өтініш бердік. Қазір өтінішіміз сотта қаралып жатыр.

Енді мамандар бірлескен рейдтік шараларды жиірек ұйымдастыруға бекініп отыр. Қандай да бір мекеме тиісті талаптарды орындамаса, жұмысы тоқтатылады.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу