Елімізде ет экспортының әлеуетін көтеру үшін қой шаруашылығының үлесін еселей түсуге мән беріліп отыр. Өйткені, халықаралық нарықта дәл осы қой етіне деген сұраныс артқан. Алматы облысында Жаңа Зеландия мен АҚШ-тан әкелінген асыл тұқымды қойлар жерсініп, төл бере бастады.
Бұған малшы қауым ғалымдармен тығыз қарым-қатынастың арқасында қол жеткізіп отыр. Бұл - Елбасының Қазақстандағы ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған шара.
«Көктем» шаруа қожалығы мал төлдету қарбаласымен көктеуге шықты. Олар өңірге осыдан 6 жыл бұрын Гемпшир және Суффольк қойларын әкелген. Жергілікті биязы жүнді саулықтармен будандастыру арқылы шұғыл континентальді аймаққа бейім қой түрін алды. Басқалай жетістіктерде жоқ емес.
Алмазбек Садырбаев, шаруа қожалығының басшысы:
Будандастыру арқылы алынған біздің шаруашылықтағы қошқарлардың салмағы 119 келі тартады.
Бұл қойдың бар ерекшелігі еттілігінде. Әлемдік нарықтағы қой етінің 70 пайызы осы тұқымнан алынады. Оның үстіне 100 саулықтан 130-ға дейін қозы алуға болады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл қойлардың тағы бір ерекшелігі жаңа төлдеген қозылар ширақ келеді. 4 айда 30 келіге дейін ет жинайды.
Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Владимир Спиваков «Бұл қойлар экономикалық жағынан тиімді», дейді.
Ғалым 2008 жылдан бергі жұмысын нақты көрсеткіштермен дәлелдеді. Ендігі мақсаты - малдың өнімділігін одан ары арттырып, бай тәжірбиесін өңірдегі басқа да шаруашылықтармен бөлісу.
Владимир Спиваков, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Біріншіден, төлі ерте жетіледі. Оның өнімділігі де жоғары. Сондай-ақ, басқа қойларға қарағанда азықты 10-15 пайызға кем пайдаланады.
Шаруашылық бұл жетістігімен тоқтамақ емес. Жуырда Австралиядан да қошқарлар әкелуді жоспарлап отыр. Фермер сөйтіп ет экспортының әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ ниетте.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ