Шардара ауданында ағын судың жоқтығынан мақталық алқап мерзімінен бұрын қурап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара ауданында ағын судың жоқтығынан мақталық алқап мерзімінен бұрын қурап барады

12.09.2018

Түркістан облысының Шардара ауданында ағын судың жоқтығынан мақталық алқап мерзімінен бұрын қурап барады. Көксу ауылы маңындағы 750 гектар алқапқа су жеткізіп тұрған үлкен арықтың арнасы бұзылып, жердің кенезесі кеуіп кетті. Қажетті қорегін ала алмағандықтан шалажансар күйге жеткен егістіктің көп жері тез қауыз жарып, мақта талшығы жетілмеген күйі семіп қалды.

Қауысбек Нұржігітовтің ала жаздай еткен еңбегі еш кетті. Бір айдан бері су ішпеген 14 гектар мақталықтың сабағы көктей солып, жапырағы қурап қалды. Осындағы тағы бірнеше шаруаның күйі осы. Су тапшылығынан  мақта өсуін  тоқтатқан.  Қозалардың шөлдегені соншалық мерзімінен бұрын қауашақ  жарып жіберген. Көсегінен ерте ашылған мақтаның салмағы да  жоқ.

Қауысбек Нұржігітов, шаруа:

- Бала-шағамды асырау үшін ала жаздай істеген еңбегім. Су болмағандықтан өліп отыр.

Негізінде су жоқ емес, егіс басына дейін тартылған канал оңды болмай тұр. Неше жыл жекенің қолында болса да табаны тазаланбаған арықтың  арнасын мол су бұзып кеткелі айдан асты. Шаруалар асарлатып жүріп, жырылған жерін қайта бекіткенімен қайран болмады. Су тағы бұзды. 

Ерлан Сүттібаев, Көксу ауылының әкімі:

- Әрбір арыққа келетін суды өлшеп беруі керек. Су тұтыну кооперативі басшысының және оның гидротехниктерінің атқаратын жұмысы. Өкінішке орай, жұмыс тәртібі бұзылған.

Арнасы бұзылған арықтың ұзындығы 8 шақырым. Жергілікті билік бұл жайттан хабардар болғанымен қолдан келер қайраны аз. Бұзылған жерді бүтіндеуге мемлекеттен қаржы бөлінгенше талай уақыт керек.

Болатбек Көмеков, су арнасының бұрынғы қожайыны:

- Мұны істеуге аудан әкіміне мен өтініш жасадым. Өзімнің депутаттық сауалымды бердім. Одан кейін бұл кісілер осы мәселені желтоқсанға дейін бітіруге атсалысып жатыр.

Шаруалар үшін енді тығырықтан шығар екі ғана жол тұр. Оның бірі қайта асарлатып, арықты жөндеп алу. Немесе үлкен насостар арқылы егістікке өзге жатқан су жеткізу. Бірақ, бұл тірліктер онсыз да шаруасы шатқаяқтаған диқанды тағы да шығынға батыратыны сөзсіз. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу