Алматыда мүгедектерге арналған пандустар стандарттарға сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда мүгедектерге арналған пандустар стандарттарға сай емес

12.09.2018

Сондықтан, кембағал жандар ғимараттарға емін-еркін кіріп-шыға алмайды. Алайда, жарымжан азаматтар жанайғайын қанша айтса да, оған тиісті орын басшылары қол сілтеумен келеді, дейді мүгедектердің құқығын қорғаушы мамандар. Олардың сөзінше, жыл сайын мүгедектерге арналған пандустарға қыруар қаржы жұмсалады. Бірақ, сәулетшілердің ораш-олақ істерінің кесірінен сырғыма баспалдақтар талапқа сай жасалмайды.

Айболат бала кезінен жүре алмайды. Сондықтан, арбамен қозғалады. Алайда, аяғын баса алмаса да, ел қатарлы университетте оқиды. Тек қайда барса да, арбамен қатынайды.

Айболат Жасқайратов, қала тұрғыны:

- Біріншіден, кейбір пандустар нормаға сай жасалмайды. Екіншіден, арнайы нормаға сай жасағанның өзінде сол нормалардың өздерінен де кейбір кезде қателік кетеді.

Жиырма алты жастағы азаматтың сөзінше, мүгедектерге арналған пандустар өте қолайсыз. Тіпті, тіреніп жүруге ыңғайсыз. Осының кесірінен, талай рет құлап, майып бола жаздапты.

Мырзағали Далабаев, тасымалдаушы:  

- Оларға көп жерлерде ыңғайсыз. Біз оларға көмектесеміз.

Мұндай келеңсіздіктерді күнде көріп жүрген көлік жүргізушілері де растайды. «1-топтағы мүгедектерге бір көмекші қажет», - дейді олар. Оған қоса, биік пандустармен көтерілу тұрмақ, табалдырығына шығу да мұң. Ал, тарылтып жасалған жолда кейде арба сыймай қажытады.

Әли Аманбаев, қалалық Мүгедектер қоғамының төрағасы:

- Өкінішке орай, қалада иә, ондайлар бар. Әсіресе, ескі үйлерде, ескі ғимараттарда өте қиын. Сондықтан, қаланың бір жобасы болуы керек. Кейбіреулерге уақыт беру керек шығар.

Қазір қаладағы мүгедектерге арналған пандустар жаңартылып, өзгерістер енгізіліп жатыр. Десек те, мүгедектер қоғамы басшысының айтуынша, мың мәрте жаңарса да, кембағал жандар түгіл, сау адам үшін қауіпті. Себебі, әлемдік стандарттарға сай келмейді.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Әлем халқының 10 пайызы мүгедек адам. Соның 2 пайызға жуығы біздің елімізде тұрады. Алматыдағы арнайы мүгедектерге арналған пандустардың сыйқы мынау. Мына жерден арбамен мүгедек адамның өзі тұрмақ, он екі мүшесі сау адам жүгін әзер көтеріп өтеді.

Лаура Әбжанова, Қалалық жұмыспен қамту орталығы арнайы бағдарламалар басқармасы Мүгедек ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы:

- Біз нысандарды тексеру және құжаттандыруды 2012 жылы бастадық. Алматы қаласында 2012-2017 жылдар аралығында 3000 ғимараттың куәлігін растап, өткізуіміз қажет еді. Қазір мұны атқардық. Осы мекемелердің барлығында мүгедектерге қажетті жағдай жасалды. Олардың ішінде сырғыма баспалдақтар да қарастырылған. Әлі де кем-кетіктер бар. Оны мүгедектер қоғамымен кеңесіп, қалыпқа келтіреміз.

Жауапты маман осыны жеткізді. Бірақ, қаладағы кейбір әлеуметтік нысандарда мүгедектерге арналған пандустар әлі күнге дейін жоқ. Ал, жерасты өтпелі жолдарда сырғымалы баспалдақтар енді салынып жатыр. Ең қиыны, жарым жандар олардың қандай стандартқа сай салынып жатқандығына алаңдап отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу