Каспийде итбалықтар жойылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийде итбалықтар жойылып барады

13.09.2018

Каспийде итбалық жойылып барады. Осылай деп дабыл қаққан экологтар «теңіз жануары жыл сайын азайып барады», дейді. Мамандардың айтуынша, сүтқоректілердің тіршілігіне түрлі техногендік факторлар кері әсер етуде. 

Өткен ғасырдың басындағы зерттеу бойынша Каспий теңізін 1 миллионнан артық итбалық мекен еткен. Ал, 2005 жылғы санақ бойынша көк айдында шамамен 110 000 мың итбалық болған. Бұл көрсеткіш қазір 30 пайызға дейін кеміген. Экологтар теңіз жануары осы қарқынмен азая берсе, жойылып кетуі әбден мүмкін дейді. 

Бостан Сүлейменов, эколог:

- Ешқандай зиян келтірілмей жатса, итбалыққа ешкім тимей жатса, өзінен өзі ол неге кемиді? Қай уақытта да техногендік күш кері әсерін тигізеді. Мониторингте бәрі айтылған, жасалынған, бірақ, ендігі жерде соның зияндылығын кеміту жайлы не жасау керек деген сұраққа жауап жоқ.

Мұз үстінде күшіктейтін итбалықтың азайюына мұзжарғыш кемелердің де кесірі тиіп отыр. Өйткені, күшіктердің жатақтарын ойып өтетін алып су көліктері, оларды мекенсіз қалдырады. Сондай-ақ, теңізде орналасқан өндіріс орындарының да әсері болуы ықтимал.

Ермек Марабаев, «NCOC» компаниясының денсаулық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры:

- Қайықтарымыз, тікұшақтарымыз бар. Ол қалай да әсерін тигізеді. Бірақ, енді біз солай ойласақ, мүлде жұмыс жасамауымыз керек.

Сондықтан, ғалымдар мұзжарғыш кемелердің жүру уақыты мен бағытын итбалықтардың жаппай күшіктеу аумақтарын ескере отырып оңтайландыруды ұсынады. Теңіз жануарына төнген қауіп тек бұл емес. Итбалық қоректенетін майшабақ 94 пайызға дейін кеміген. Бұл –жойылып кетудің сәл- ақ алдында тұрған жануарлардың тіршілік ортасын одан әрі тарылта түседі. 

Егер итбалықтың азаюы тоқтамаса, дәл осылай музейлерден тұлыпын ғана көруіміз ғажап емес. Бүгінде ғалымдар жануарларды сақтап қалу үшін арнайы ұсыныстар әзірлеп отыр. Іске асса, құрудың аз-ақ алдында тұрған сүтқоректінің саны едәуір артады деген болжам бар.  

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу