Түркістан облысында қоғамдық көлік қатынасы реттелмей отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қоғамдық көлік қатынасы реттелмей отыр

17.09.2018

Түркістан шаһары облыс орталығы мәртебесіне ие болғанына 3 айдың жүзі болса да әлі күнге қоғамдық көлік қатынасы жақсармай отыр. Қала тұрғындарына қызмет көрсететін көліктердің дені жолаушы тасымалына ыңғайсыз - шағын автобустар.  Оның өзінде көбінің тозығы жеткен, алқам-салқам күйде.

Түркістан көшелерінде жүрген шағын автобустардың ең тәуірінің өзі осыдан 15-20 жыл бұрын зауытта құрастырылған техникалар. Арасында Кеңес дәуірінің көзіндей болған «Раф» автобусы да қаңқасын сүйретіп әрең жүр. Ең қиыны бұл автобустардың іші тар болғандықтан жолаушылардың екі бүктетіліп, еңкейіп тұруына тура келеді.

Бекасыл Тәукебаев, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Кіші автобустарда аяғымызды таптап, қысылысамыз. Расында, облысқа лайықты үлкен автобустар болса, жолымызды кеңейтіп, үлкен қоғамдық көліктер келсе дейміз.

Шаһарда халықаралық университеттен бөлек, тағы бірнеше орта арнаулы оқу орны бар. Жол азабын көбіне тартатын осындағы студенттер. 

Айзада Нұрлы, студент:

- Әрине, таза жүріп, ешкіммен қысылмай еркін жүруді біз де қалаймыз.

Шаһардағы тұрғындар саны бүгінгі таңда 250 мыңның төңірегінде. Қала шағын, көшелер тар болғандықтан үлкен автобустардың  жүруіне мүмкіндік жоқ. Оның үстіне мұндай техникалардың бағасы да қымбат.

Байдулла Оразбеков, Түркістан қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Үлкен автобустарды алу бізге қиыншылық туғызды. Себебі, олардың құны 30-40 млн-ға дейін барады. Біз қазір Ресейде өндірілетін автобустарды дұрыс көріп отырмыз. Олардың құны 10-11 млн-ға жуық.

Түркістан көшелерінде күнделікті 21 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынайды. 210 автобус халыққа қызмет көрсетеді.  Автозауыттармен жасалып жатқан келісім бойынша шаһардағы қоғамдық көліктер қатары жыл соңында жаңа автобустармен толығады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу