Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік нысандарға әлі көмір жеткізілмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік нысандарға әлі көмір жеткізілмеген

19.09.2018

Көмір тапшы болғандықтан тұрғындардың да қатты отынға қолы жетпей отыр. Көмірмен уақытылы қамтамасыз етпегені үшін облыстық энергетика басқармасының басшысы тәртіптік жазаға да тартылды. Бірқатар аудан және қала әкімдері де жылыту маусымына дайындықты дұрыс жүргізбегені үшін сөзге қалды. 

Берік Көшербай, тілші:

-Өскеменде екі үлкен көмір қоймасы бар. Екеуінің алдындағы жағдай, жаздың ортасынан бері, міне дәл қазіргідей. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, олар көмірге деген ұзын-сонар кезектен көз ашпайды. Себебі, вагонмен әкелінетін қатты отын барлығына жетіспейді.

Көмірге қолы жетпеген жұрт таң атпастан қойма жағалауға мәжбүр. «Көмір жетпей бос қайтқан күндеріміз де болды»,- дейді тұрғындар. Өңір халқына осы қыста барлығы 1 миллион 21 мың тонна қатты отын қажет. Облыстық энергетика басқармасы «тұрғындарды көмірмен уақытылы қамтамасыз етіп отырмыз, жұмыс жоспарға сай»,- дейді. Алайда, жағдай мүлде басқаша.

Ғабит Қадылбеков, қала тұрғыны:

Қала тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп қойдық деп айтады. Ешқандай қамтамасыз ету жоқ. Менің көршілерімнен 3 үй ғана алдық. Мен өзім тасып жүргендіктен алдым, тағы екі кісі алды. Басқа көмір алған кісі жоқ. Тұрмыз міне, ала алмаймыз. Қақпаның алдына дейін бардық, 5-ші болып тұрмын. Бүгін кіре алмаймын.

Ушығып тұрған көмір мәселесі бүгін облыстық әкімдікте талқыланды. Құзырлы мекемелердің мәліметінше, әлеуметтік нысандар қыстан қысылмай шығуы тиіс. Денсаулық сақтау мекемелеріне қажет көмірдің 72 пайызы ал, білім беру нысандарына 83 пайыз қатты отын жеткізіліп қойған көрінеді. Бірақ, облыстағы басқарма мен кейбір аудан басшыларының мәліметтері бір- біріне қарама-қайшы болып шықты.  

Көмір тапшы емес деп жалған ақпарат берген басқарма басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Ал, өзге мекеме жетекшілеріне жылыту маусымына дайындықты барынша ширату тапсырылды. 

Берік КӨШЕРБАЙ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу