Алматыда Астана қаласының күндері өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Астана қаласының күндері өтуде

24.09.2018

Астана қаласының Алматыдағы күндері. Президент тапсырмасымен биыл барлық өңірлерде елорданың мерейтойы атап өтілді. Мәдени күндер легі қазір Алматы қаласында өтуде.

Елорданың Алматыдағы басты мәдени шараларының бірі Республика сарайында өткен гала концерт болды. Әйгілі сахна төрінде мемлекеттік академиялық филармония «Сарыарқа» күйін орындап, классикалық, эстрадалық және халықтық вокалдағы әндер шырқалды.

Алматылықтарға арналған тағы бір ән кеші «Астана» алаңында өтті. Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы бастаған елордалық өнерпаздардың концертіне жастар көп жиналды. Астаналық әншілер Алматы аспанын 4 сағат бойы әнге бөледі.

Мәдени шаралар ән-бимен ғана шектелген жоқ. Астананың тарихынан сыр шертетін қылқалам және фотосурет туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, елаордалық театр ұжымдары бір апта  бойы Әуезовтың «Қараш-қараш» спектаклін, Шекспирдің «Ателла» трагедиясы мен «Шие» пьесасын және Левидің «Моцарт» қойылымдарын көрсетті. Ал, әзіл-сықақты таңдаған көрерменге Тұрсынбек Қабатовтың комедия театры өнер көрсетті. Театрсүйер алматылық қауымға бұл нағыз тосынсый болды.

Астананың Алматыдағы мәдени күндері әлі де аяқталған жоқ. Түрлі жанрдағы спектакльдер мен спорттық шаралар 26 қыркүйекке дейін жалғасады. Мәдени апталықты өткізуге елордадан 300-ден астам өнерпаз келген.

Осылайша, елорданың мерейтойын өңірлерде атап өту эстафетасы аяқталды. Дегенмен, Астананың 20 жылдығын тойлау ресми түрде желтоқсан айына дейін жалғасады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу