Түркістан қаласына билік құрылымдары түгел қоныс аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан қаласына билік құрылымдары түгел қоныс аударды

24.09.2018

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласына өңірдің жергілікті билігі мен мемлекеттік құрылымдары Шымкенттен түгелдей көшіп барып, жайғасты. Бір айға созылған көш керуенмен тарихи шаһарға облыс әкімдігі мен министрліктерге қарасты 52 басқарма мен департамент қоныс аударды. 2 мыңға тарта мемлекеттік қызметкер және олардың отбасылары түркістандықтар қатарын толықтырды. 

Жасұлан Төлебеков тағы бір жұмыс күнін аяқтап, үйіне келді. Жас отбасы қазір Түркістанда жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Тұрмысқа керекті заттарын да әлі толық әкеліп үлгермеді. Жаңа мекендегі аздаған қолайсыздыққа өкпесі жоқ.   

Жасұлан Төлебеков, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлығы да уақытша. Алдағы жылдары пәтер де болады. Бас жоспарға сәйкес, үлкен ғимараттар, «7-20-25» бағдарламасымен көптеген пәтерлер салынуда. Бәрі орнына түседі деп ойлаймын. 

Түркістан жеріне Жасұлан Төлебеков секілді тарихи көшпен 1916 мемлекетік қызметкер қоныс аударды. Олар уақытша облыс орталығы мен іргедегі Кентау қаласындағы жалдамалы пәтерлер, жатақхана мен қонақ үйлерге жайғасты. Әзірге әрбір қызметкерге мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілуде.

Алмасбек Мамытбеков, Еңбек инспекциясының басшысы:

- Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына алғашқылардың бірі болып жұмыс істеуім патриоттық сезім болса, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қазір Түркістанда қызметкерлерге арналып, 6 көпқатты тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс келер жылы аяқталады. Сондай-ақ, жаңа әкімшілік іскер орталық та бой көтереді. Елбасы Жарлығына сәйкес, бүгінде 27 облыс әкімдігіне қарасты басқарма түгелдей Түркістанға қоныс аударды.

Ербол Жанғазиев, Қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ал, аумақтық, мемлекеттік органдар бойынша 27 мемлекеттік органнан 933 қызметкер қоныс аударып, 27 орган 16 ғимаратқа жайғасты.

Бүгінгі таңда облыс орталығының бас жоспары әзірленуде. Соған сәйкес, Түркістанда жаңа әуежай, теміржол мен автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Бұдан бөлек, 65 мың халық өмір сүретін жаңа қалашық бой көтермек. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу