ШҚО-да Сібір жарасына байланысты оқиғаның себеп-салдары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да Сібір жарасына байланысты оқиғаның себеп-салдары анықталды

24.09.2018

Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағай ауданындағы қайғылы оқиғаға ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік талаптары орындалмауы себеп болған. Сібір жарасының шығу ошағын анықтап, оны жою үшін арнайы құрылған жұмыс тобы осындай қорытынды жасады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен жұма күні Кіші-Нарын ауылының тұрғыны осы қауіпті дерттен көз жұмды. Бүгін Өскеменде брифинг өтіп, адам өлімімен аяқталған оқиғаның қалай өрбігені туралы толық айтылды.

Кіші-Нарын аулының тұрғыны 9 қыркүйекте бұзау сойыпты. Мал ауырып тұрса да, ветеринарға көрсетпеген көрінеді. Етті бұзып жатқан кезінде сүйек қолын кесіп кеткен. Ауданға барған жұмыс тобы, 47 жастағы азамат сібір жарасын сол кезде жұқтырған деп отыр. Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, науқас дәрігерлер көмегіне де кеш жүгінген. Бұдан бөлек, оның аудандық ауруханадан 18 қыркүйекте өз еркімен кетіп қалғанын анықтапты.

Марат Шоранов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Таңертең науқас өз шешімімен ауруханадан кетіп қалды. Дәрігерлер жергілікті полицияға хабарлап, ол сағат 12-де клиникаға қайтадан қайтарылған.

Құзырлы мекеме мамандары қауіпті ауру қай жерден тарағанын да анықтадық деп отыр. Олардың айтуынша, ауылдан 5 шақырым қашықтықта 46 жыл бұрын сібір жарасымен ауырған мал көмілген. Қорым қоршалған болса да, көктемгі су тасқыны кезінде жер асты суларымен қауіпті аурудың бактерияларын жер бетіне қайта шығып қалған деген қорытынды жасалды.

Асқар Жакупбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Ауру содан тараған. Алдыңғы күні ол ошақта республикалық эпизодотрядтың мамандарымен 2 рет дезинфекция жасалды. Жан-жағы трактормен көміліп, ішіне су ақпайтындай жағдай жасалды.

Қазір Қатон-Қарағай ауданының екі ауылдық округінде карантин. Төрт түлікке түгелдей вакцинация жасалды. Карантин жарияланған аумақтан мал және мал өнімдерін шығаруға тыйым салынған. Марқұм азаматпен қарым-қатынаста болған ауыл тұрғындары дәрігерлер бақылауына алынды. Облыс басшыларының хабарлауынша, қазір өңірдегі эпизоотикалық жағдай тұрақты.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу