Қарағанды облысындағы Тұзды ауылының балалары мектепке оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы Тұзды ауылының балалары мектепке оралды

25.09.2018

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Тұзды ауылының  оқушылары өз мектептеріне қайта оралды. Естеріңізге сала кетейік, білім ошағының жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай,  150-ге жуық оқушы ескі әкімшілік ғимаратында оқуға мәжбүр болған еді. Қуықтай тар бөлмелерде балалардың білім алуына еш жағдай жасалмаған. Онда не жарық, не су, не жылу жоқ. Ал асхана, спорт залы, әжетхана туралы айтудың өзі артық. Енді міне, мектептің негізгі бөлігіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Балалар енді осында оқуын жалғастырады. Ал ғимараттың қалған қос қанаты қазан айына дейін тапсырылмақ. Тендер тым кеш өткізілген. Оған қоса жобалық-сметалық құжатты дайындауда өзгерістер болған. Сондықтан, жөндеу жұмыстары да тек тамыз айында басталған. Бұл олқылықтар үшін аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары мен есепшісіне қатаң сөгіс жарияланды. 

Гүлмира Қабдиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгін мектептің негізгі бөлігіне 7-11 сыныптарда оқитын 43 бала қайтып оралды. Ертең төменгі сынып оқушыларын толығымен орналастыратын боламыз. Осы күнге дейін оқу үрдісі үзілген жоқ. Мердігер ғимараттың қос қанатындағы жөндеу жұмыстарын осы қыркүйек айының соңына дейін аяқтаймыз деп уәде етті. Бұл мектеп аудан әкімшілігінің және білім басқармасының тікелей назарында. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу