«Turkish weеkly» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа одақ туралы мәлімдемесін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Turkish weеkly» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа одақ туралы мәлімдемесін жариялады

02.06.2014
«Turkish weеkly» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа одақ туралы мәлімдемесін жариялады
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы - әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жатқан тақыраптардың бірі. Жаңа халықаралық ұйым туралы түрлі пікірлер айтылып, жазылуда.
 
«Turkish weеkly» түрік газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа одақ әлем экономикасының дамуында басты рөл атқаратыны туралы мәлімдемесін жариялады.
 
Сондай-ақ, басылым ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Жарихиннің жаңа блок туралы пікірін жариялаған.
 
Оның айтуынша, Еуропа одағы мен Ресей арасындағы тұрақты серіктестік Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негізгі түрткі болды.
 
Ал, америкалық «Veterans News Now» сайты жаңа альянс туралы «Еуропа жүрегіндегі экономикалық одақ» атты мақала жариялаған.
 
Онда бұл тарихи оқиға әлемдік саясатқа үлкен ықпал тигізетіні ескеріліп, бұл тұрғыда Еуроодақтың Ресейге қарсы жариялаған санкциялары мәнсіз болатыны жазылған.
 
«Бизнес әлемі санкциялар тілінде сөйлемейді. Еуразияда жаңа, өзінің мүдделері мен мақсаттары бар субъект пайда болып отыр. Бұл одақ оған мүше елдердің экономикалық мүдделерін қорғауға септігін тигізбек», делінген порталда.
 
Ресейлік «Pravda.ru» газеті Еуразиялық одақтың экономикалық сипатынан бөлек, оның саяси аспектілеріне де көңіл бөлген. Ең алдымен, бұл одаққа мүше елдердің егемендігіне қатысты мәселелер.
 
 Газет тілшілерінің осы мәселелерге байланысты сұрақтарына «Беларуская думка» журналының бас редакторы Владимир Гигин жауап берді.
 
«Тәуелсіздікті сақтай отырып, біз әлдеқайда жақын, әрі үйлесімді ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Еуразиялық интеграцияның Еуроинтеграциядан басты айырмашылығы – мұнда мүше елдер барлық ережелерді өздері тұжырымдайды. Еуропа одағында болса елдер әуелде біреудің шығарған тәртібіне көнуге мәжбүр. Ал, Еуразиялық экономикалық одақта мұндайға жол берілмейді», дейді ол.

«Новости Казахстана» ақпараттық агенттігі АҚШ-тың жаңа халықаралық ұйымға қатысты көзқарасын жариялаған. Мақаладан белгілі болғандай, алдағы уақытта Құрама Штаттар бұл одақ америкалық компаниялардың өмірін қалай өзгертетінін анықтамақ.
 
«Біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы осы үш елдегі америкалық экспорттаушылар, қызмет көрсетушілер мен инвесторлары үшін нені білдіретінін білмекпіз».
 
Бұдан бөлек, АҚШ жаңа одақ аясында Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттары қаншалықты орындалып жатқандығын тексереді.
 
Мадина МҰҚАНОВА

Хабарламаларға жазылу