Қызылорда облысы Қазалы ауданының диқандары шығынға ұшырап отыр. Су тапшылығына байланысты кейбір шаруашылықтардың күріш алқаптары күнге күйіп кетті. Ауа райының қолайсыздығы да шаруаға кері әсер етті.
«Агро өркен» шаруашылығы биыл 870 гектарға күріш екті. Ресейлік «Янтарь» сорты. Бірақ, егін бітік шықпады.
Нұркен Әлиев, шаруашылық директоры:
- 109 гектар дән байлауға қауіпті жағдайда болды. Оның ішінде 51 гектар су болмағаннан кейін күйіп кетті.
Өңірде су тапшылығы болатынын мамандар алдын ала ескертті. Шардарадан Сырдарияға құйылатын судың мөлшері жылдағыдан 4 есе аз болды.
Өміртай Өтепәлі, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Соның ең қиыншылығын көрген біздің диқаншы қауым жасыратыны жоқ. 6800 гектардың 320 гектарына орақ түспейді. Яғни, ол күйіп кеткен жер болып есептеліп, актіленіп шығарылды. Ол да өз кезегінде алынатын өнімге кері әсерін тигізеді.
Егіс алқаптарындағы топырақтың құнарлығы төмен. Сортаңдығы басым болғандықтан, тыңайтқыш та көп қажет. Еңбекші қауым маңдай тер еш кетпеуі үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Күріш алқаптарын қолдан да суарды.
Кеңес Шайық, бригадир:
- Күріштің нағыз түптетіп, суды ауыстырып, гербицид себетін уақытымыз еді. 4 рет сусыз қалдық.
Күннің салқындығына байланыста онсыз да кеш егілген күріш енді міне, кеш орылып жатыр. Еңбеккерлер жауын-шашын түспей, дәнді ысырап қылмай жинап алу үшін қазір де күндіз-түні тер төгуде. Диқандар қазан айының 15-іне дейін қамбаны қызылға толтырамыз деп отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.