Астана қаласына кіру ақылы болуы мүмкін. Төлем тек таңғы және кешкі қарбалас уақыттарында жасалмақ. Елордадағы кептелісті реттеу үшін осындай жоба ұсынылып отыр. Бірақ, ақылы жүйе былтырдан бері қоғамнан қолдау таппай келеді. Жобаның артықшылығы неде, жұрт не дейді?
Сірескен көлік - елордадағы елеулі мәселе. Кептелісті реттеу үшін қала атқамінерлері машинадан түсуді ұсынды. Яғни, қала маңында тұратындар темір тұлпарларын кіреберісте тастап, автобусқа отыруы тиіс немесе шаһарға кіру үшін ақы төлейді. Бұл 6 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ: Астана-Қарағанды, Астана-Қостанай, Астана-Павлодар, Астана-Қорғалжын, Астана-Көкшетау және Астана-Қосшы. Бәрінен қосшылықтарға қиын соғып тұр. Өйткені, ол жақтан күнделікті қатынаушылар көп. Гүлназ солардың бірі. Өзі мен жолдасы қалаға жұмысқа, ал, балалары оқуға баруы керек.
Гүлназ Қадырқызы, Қабанбай ауылының тұрғыны:
- Қалаға таңғы мезгілде кіру ақылы деп естідік. Ол бізге өте қиын болады. Өзіңіз ойлаңыз, 2-3 баламен автобуспен сен қашанғы жүресің?
Жаңалық таксистерге де жайсыз тиді. Олар «қала маңына қатынаудан қағыламыз», деп қынжылды. Себебі, жолақы кіріп-шығу құнын өтемей қалуы мүмкін. Солай болса, жол жүру тағы қымбаттамақ.
Аталған бағыттар бойынша күніне 82 мың көлік келіп, кетеді. Соның 14 мыңға жуығы таңғы сағат 7-мен 10-ның аралығында жүреді екен. Мамандар «осы ақылы жүйені енгізу арқылы кептелісті 20 пайызға дейін азайтамыз», - деп отыр.
«Бұл әлемдік тәжірибе ешкімді әлекке салмайды», - дейді жоба авторлары. Мысалы, Англия Лондонның орталық көшелеріне кіруге ақылы жүйені 2003 жылы енгізді. Бірінші күні-ақ кептеліс 25 процентке кеміген. Норвегия болса, 1980 жылдың соңында жобадан түскен қаржыға жол желісінің 30 пайызын жаңартса, 2006-2010 жылдары 45-50 пайызын оңтайландырған. Ал, Сингапур жүйеге 1975 жылы қосылған. 1998 жылы бірнеше рет түрлендірген. Қазір де жалғастыруда. Алайда, қалаға кіру ақысын арзандатқан екен.
Бейбіт Есжанов, «Астана LRT» ЖШС басқармасы төрағасының орынбасары:
- Жұмысқа бармайтындар мен басқалар уақытын дұрыс жоспарлауы тиіс. Қарбалас кезді өткізіп жүрсе де болады. Сонда артық шығынданбайды. Қазір қаладан 50 км радиуста қоғамдық көліктер қатынайды. Яғни, автобуспен діттеген жеріне жетіп алу да қиын емес. Түсіну керек. Жолды қанша кеңейткенімізбен кептеліс мәселесі шешілмейді. Біз ештеңе ойлап таппадық. Әлемдік тәжірибеге сүйендік. Одан олар күйген жоқ.
Бірақ, жоба әлі піспеген. Былтыр қоғамдық тыңдауда біраз сын айтылып, шикі тұстары ескеріліп жатыр. Енді көптің көңілінен шығатын жүйе ұсынылса, жаңа жоба алдағы жылы жүзеге асады.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.