Мәулен Әшімбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

26.09.2018

Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан партиясы» төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ондағы партиялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ, ол бірнеше кәсіпорында болып, Президент жүктеген міндеттердің орындалу барысын бақылады. Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы, сонымен қатар, стратегиялық бағдарламада айқындалған жоспар-міндеттерді іске асыру бойынша тапсырмалар берді. 

«Нұр Отан партиясы» төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ең әуелі «Соколов- Сарыбай кен байыту» комбинатының кадрлар даярлайтын оқу орталығына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын толықтай соңғы үлгідегі техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Ұқыпты өндіріс негіздері» бойынша арнайы оқу курстары ұйымдастырылып тұрады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасының тапсырмасына сай еліміздің әр аймағында бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жаңғырту - басты мақсат. Қазір қоғамда болып жатқан заманауи үдерістерден қалыс қалмағанымыз маңызды. Әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, жұмыс тиімділігін арттыру керек. 

«Нұр Отанның» бастауыш партия ұйымдарының арасында мүшелерінің саны жағынан ең көбі «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинаты. Бұл жерде бас партияның аудандық филиалы осыдан 11 жыл бұрын құрылған. Елбасы тапсырмасымен әзірлеген мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда аталған ұйымның үлесі зор. Сондай-ақ, партия белсенділері 5 әлеуметтік бастаманы орындау бойынша 100-ге жуық іс-шараға бастамашы болды.

Андрей Морозов, «Нұр Отан» партиясының «ССКӨБ» аудандық филиалының төрағасы:

- «7-20-25» бағдарламасы - тұрғын үй азабын тартқан азаматтар үшін мүмкіндігі мол бағдарлама деп ойлаймын. Өйткені, шарттары тиімді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмен. Осы бағдарламаның тетіктерін жергілікті халыққа түсіндіру үшін үнемі кездесулер өткізіп тұрамыз.

Келесі кезекте Мәулен Әшімбаев Рудный қаласындағы № 2 гимназияға барып, ондағы IT сыныптың STEM – зертханасында болды. Бүгінде үйірмеге инновациялық технологияларды меңгеруге икемі бар 100-ге жуық оқушы қатысып жүр. Гимназияда инновациялық жобалар, робот құрастыру, 3D мөлшерлі модельдеу бағыттар бойынша тың бастамалар іске асырылуда. Цифрлы экономиканы дамыту үшін кадр мәселесін бір жақты ету керек. ІТ сыныптарды ашудағы мақсат та соны көздейді. 

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу