Қызылордада бүгін «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген жаңа қаладағы жаңа нысан 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Орталықтың ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да қатысты.
Бүгін Сыр елінде үлкен той. 1818 жылы Ақмешіт бекінісі болып іргесі қаланған Қызылорданың бүгін туған күні. Қазақ жұртының алғашқы астанасы болған Ақмешіт, Алты алашқа ана болған Сыр елі қос ғасырлық мерейтойын атап өтуде.
«Сыр сүлейлері» аллеясында киіз үйлер тігіліп, «Қымыз- шұбат», «Қауын-қарбыз», «Бауырсақ» фестивалдері ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтар дәріптелді.
1925 жылы Ақмешітте Қазақ Орталық атқару комитетінің пленумы өтті. Онда ұлтымыз өз атауымен аталсын деген қаулы қабылданды, Ақмешіт Қызылорда болып өзгертілді. Міне, сол тарихи оқиға болған ғимараттың архитектуралық көшірмесі жасалды. Сұлу Сырдың сол жағалауында бой көтерген алғашқы нысанда «Рухани жаңғыру» орталығы мен қала тарихы мұражайы орналасқан.
Нұрлыбек Мыңжасов, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры:
- Бұл ғимараттың сыртқы келбеті ғана емес, сонымен қатар, үлкен символдық мәні, біздің астана болған кездегі саяси элитаның қызметі, олардың шығармашылығы, көтерген идеялары, оны жүзеге асырған тәжірибелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде бізге үлкен жауапкершілік жүктегендей.
Бұл- IT-парк. Мұнда талантты жастар өздерінің стартап-жобаларын әзірлеп, оларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тарта алады. Еңсесі тік, дамудың даңғыл жолына түскен Сыр елі қос ғасырлық тойын осындай толымды табыстармен атап өтуде. Қала күніне арналған салтанатты жиында шаһардың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медаль табыс етілді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.