Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі заңсыз ойын кәсібімен айналысқан 3 ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады.
Бұл туралы Экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі Жандар Ибрагимов айтты. Оның сөзінше, ұйымдасқан топ ұзақ уақыт заңсыз ойын кәсібімен айналысып келген. Оңай олжаға кенелгісі келгендер сауда орталықтары, супермаркеттер, дүкендердің алдында жалған лотереялық электронды терминалдар орнатқан. Осылайша, астыртын ойын залдарын ашып, көл-көсір табыс тапқан. Жедел іздестіру тобының арнайы операциясы нәтижесінде, 4 астыртын казино, 31 заңсыз ойын мекемесінің қызметі шектелді, 26 қылмыстық іс қозғалды. Көлеңкелі айналымнан 23 мың АҚШ доллары, 6,5 млн. теңге, 180 электронды ойын терминалы, 4 покер үстелі, ойын картасы мен фишкалар тәркіленді. Мегаполистегі 29 ойын залы жұмысын тоқтатты. Бұл деректер негізінде, ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құру, топ құрамында әрекет ету деген айыппен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Жандар Ибрагимов, Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің аға тергеушісі:
- Қазір енді қылмыстық істер тергеліп жатыр. Олар тергеліп болғаннан кейін бірінші прокуратураға жіберіледі. Одан кейін сотқа жіберіледі.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.