Кәсіподақтар федерациясының XXV съезі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіподақтар федерациясының XXV съезі өтті

03.10.2018

Өндірістік кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қатынастарын реттеп, жұмысшылар мен жұмысшы арасындағы медиация мәселесін жаңа сапаға көтеру қажет. Еңбеккерлерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бүгін осы проблемалар Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде қаралды. Федерация 21 салалық, 17 аумақтық, 18 мыңдай бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіріп отыр. Олардың қатарында 2 млн-ға жуық адам бар. Бұл ұйым еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақ қозғалысының жұмысына аса мән беру қажеттігін өз жолдауында атап өткен болатын.

Съезд делегаттарына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының құттықтау хатын жеткізді. Онда: «үшжақты әріптестік моделі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Жұмыс орындарын сақтау бойынша 115 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Бұл еліміз бойынша 3 млн-ға тарта жұмыскердің ертеңгі күнге деген сенімін нығайтты», делінген.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

-Еңбек нарығының жаһандық трансформациясы ескеріле отырып Қазақстан кәсіподақтар қозғалысының одан әрі дамуының жаңа стратегиясы әзірленеді деп сенемін. Сіздерге алға қойған мақсаттарға жетуде табыс пен табандылық, жемісті диалог пен сындарды идеялар тілеймін. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

-Осы жарты жылда жұмыс орнында 140 адам мерт болды. Бұл дегеніңіз, өте ыңғайсыз статистика. Біз осы саланы қолға алып, жұмыс берушімен бірге жаңа механизмдерді енгізуге дайынбыз. Оған біздің бірнеше ұсынысымыз бар. Заңды күшейту жағынан жұмыс берушімен тығыз байланыста болу, осы жағынан және техникалық инспекторлардың мәртебесін көтеру.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу