Алматы облысында жүгері жинау науқаны қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жүгері жинау науқаны қарқын алды

03.10.2018

Шаруалар биыл аста-төк өнім алуға бекініп отыр. Жетісулық диқандар 80 мың гектарға дала аруын отырғызса, оның үштен бір бөлігі Панфилов ауданында. Дәл осы ауданның жүгері өсірушілері рекордтық өнім жинаймыз деп бекініп отыр.

«Көктал агро» серіктестігі биыл небәрі 300 гектар жерден 6 мың тонна жүгері бастырып алмақ. Себебі, тап осынша алқап тамшылату әдісімен суарылды. Жүгерінің дәл тамырына жеткізілгендіктен су да  бірнеше есе үнемделеді. Сондай-ақ, жаңа жүйе бойынша дала аруы түрлі тыңайтқыштармен тыңайтылып келді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

-Жүгеріні тамшылатып суару не үшін тиімді? Қараңыздар, қарапайым математика. Бір дәннен үш сабақ өсіп шығады. Әр сабақтың биіктігі үш жарым-төрт метр. Сондай-ақ, әр сабақтан екі собық өсіп шығады. Ал әр собықта 600 дән бар. 600-ді 6-ға көбейтеміз. 3600. Сонда бір ғана дәннен 3600 жүгері дәнін алуға болады.

Шаруашылық қазірдің өзінде әр гектардан 20 тонна өнім алып жатыр. Ал диқандардың ұтымды әдісті тәжірибеге енгізгендеріне 11 жыл.

Өнімді молынан жинаудың тағы бір жолы – заманауи техника. Мына алып комбайндар шағын зауыт іспетті. Себебі, дәнді собығынан ажыратып, қамбаға құюға дайын күйде шығарады. Уақыт та үнемделеді, - дейді 40 жылдық өтілі бар механизатор Ілияс Шәкубаев.

Серіктестік мамандары тамшылатып суаруға қажет құбырларды жинайтын қондырғыны өздері құрастырды. Науқан біткен соң жинап алып, келер жылы тағы қолданады.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу