Жапыраққа «жан бітірген» шебер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапыраққа «жан бітірген» шебер

08.10.2018

Жапыраққа «жан бітірген» суретші. Ақтөбелік Алтынбек Сейдалиев жұртшылықты өзінің ерекше өнерімен тәнті етіп келеді. Ол кәдімгі жапыраққа микроскоптың көмегімен елімізге танымал адамдар мен тарихи тұлғалардың бейнесін салады.

Алға қаласындағы орта мектептің технология мен сурет пәндерінің мұғалімі Алтынбек Сейдалиев жапыраққа сурет салуды 5-6 жыл бұрын ғана бастаған. Негізгі мақсаты - шәкірттерін өнерге баулу болған. Ол сурет салуға кез келген өсімдіктің жапырағы жарай беретінін айтады. Алайда, таңдалған материал арнайы өңделеді. Шебер оның құпиясын ашып айта бермейді. Ал, бір бейнені дайындау үшін кемі 4 күн уақыт қажет.

Алтынбек Сейдалиев, сурет және технология пәндерінің мұғалімі:

- Талдан түскеннен кейін операциялары көп. Шайға қайнатамыз, хлорлаймыз. Талдан алып, сала беру мүмкін емес. Өңдейміз.

Суретшінің әр еңбегі шыдамдылық пен ыждахаттылықты талап етеді. Ол осы уақытқа дейін 50-ден аса портрет салған. Туындыларының кейбірі сыйға берілген. Қалғанын ламинаттап сақтап қойған.

Алтынбек Сейдалиев, сурет және технология пәндерінің мұғалімі:

 - Осындай құралдармен жұмыс істейміз. Барлық құралдарымыз медицинаға арналған құралдар. Микроскобымыз да. Міне, Тоқтар Әубәкіровті салып бітірдік.

Бала күнінен көлемі кішкентай, шағын заттармен жұмыс істегенді ұнатқан. Өсе келе ол күнделікті дағдысына айналған. Жапырақтан бөлек, қарындаш графитіне сурет салады. Сондай-ақ, жұмыртқа қабығын ойып, қиялына ерік береді. Қазір шебердің ізін жалғастырушы шәкірттері де бар.

Павел Шматко, шәкірті:

- Біз пластинкалармен, ағашпен, темірмен және пенопластпен де жұмыс істейміз. Әр түрлі пішіндер оямыз. Міне, пластинкаға гүлді бейнеледім. Болашақта қарындаш графитінен алқа ойып көрмекпін.

Алтынбек бұған дейін шағын электромобиль мен әуе шарын жасап, өзінің өнертабысымен де қуантқан еді. Дегенмен, ол туындылары қолдау таппады. Бірақ, сүйікті ісіне адал шебер шәкірттерімен бірге шағын экскаватор құрастыруды жоспарлап отыр.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу