Қызылордада шұлық шығарылады. Сапасы брендтік өнімнен кем емес. Есесіне, бағасы арзан. Тауар әзірге тек облыс аумағында сатылып жатыр. Жолдауда жеңіл өнеркәсіпті жетілдіруді тапсырылғаны белгілі. Енді өндіріс орнының басшылары «нарықта сұраныс артса, өндіріс көлемін еселеп, сыртқы нарықта да бәсекелесуге мүмкіндік бар», - дейді.
Цех қытайлық технологиямен жабдықталған. Мұнда күніне 350 жұп шұлық шығарылады. Оның 3 түрі бар: ерлерге арналған, әйелдер мен балаларға арналған. Бір шұлықты дайындауға 3,5 минут уақыт кетеді.
Өндірісте 7 түрлі жіп қолданылады. Шұлықтың 75 пайызы мақта жіп, сондықтан, өте сапалы әрі ұзақ уақытқа жарамды.
Досқали Нұрғазы, оператор:
- Жіптер Өзбекстан, Тәжікстаннан әкелінеді. Сапасы өте жоғары. Бұл аппараттың ішінде 156 ине болады. Иненің біреуі сынып қалса, автоматты түрде өзі тоқтатып тастайды.
Цех түгел автоматтандырылған болғанымен, қол күші де қажет. Өндіріс орнында 5 маман бар. Олардың қызметі әрқилы. Біреуі, арнайы аппараттан жартылай дайын болған шұлықтың кем-кетігін түгендейді, екіншісі кескінін реттейді. Енді бірі кептіріп, үтіктейді.
Айгүл Мұханбетжанова, цех құрылтайшысы:
- Халыққа өте төмен бағамен сатылып жатыр. 150 теңге бағасы. Сұраныс бар. Өтімі жақсы. Қазір тек осы Қызылорда облысына ғана сатып жатырмыз. Одан бөлек, келешекте әйелдерге колготкалар шығарғым келеді. Елбасының бізге жасап жатқан қолдауына рахмет. Өндірісті көбейтіңдер деп жатыр, өзіміздікін шығарыңдар деп жатыр. Осындай ұсыныстарды естіп, қуанып жатырмыз.
Айгүл кәсіпті «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен бастады, енді мемлекеттің қолдауымен ісін әрі қарай дамытқысы келеді, отандық өнімнің өрісін кеңейтуді көздейді. Бастысы, ол үшін мемлекет тарапынан қолдау болмақ.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.