Келер жылдан бастап елімізде Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда осындай тапсырма берді. Оның қызметі азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауызсуға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады. Расымен де, елімізде ойыншықтардың сапасы сын көтермейді.
Азизаның екі ұлы бар. Бірақ, екеуінің де ойыншығы аз. Ата-анасының ақшасы жетпегендіктен емес, амалы жоқтығынан солай. Өйткені, жақында сапасыз ойыншықпен бірге баласына ауру сатып алды.
Азиза Асылбек, қала тұрғыны:
- Қымбат болсын, арзан болсын ойыншықтарды ала береміз. Бірақ, сапасының қандай екенін білмейміз. Оның ішінде не бар, оны да білмейміз. Бір оқиға болды. Балаға машина алып бердік. Одан баланың үстіне аллергия шығып кетті. Температурасы да көтеріліп кетті. Ойыншықтан деп ойлаймыз.
Азиза енді балалар шуламасын демейді, уланбасын дейді. Ал, елімізге сырттан ағылатын ойыншықтардың 73 пайызы Қытайдан келсе, 16 пайызды Ресей мен Беларусь мемлекеті өзара бөліседі. Тек шығыстағы көршілеріміздің өзінде ойыншық жасайтын сегіз мыңнан астам компания тіркелген. Олар жылына 30 мыңнан астам ойыншық түрін төрткүл дүниеге таратады. Ал, біздің елде балалар бұйымын шығаратындар саусақпен санарлық.
Мамандардың сөзінше, ойыншықтардың құрамында химиялық заттар жетерлік. Мәселен, фенол – бекiтiлген нормадан 1,2-1,4 есе, қорғасын – 1,7, кадмий – 1,6-4,0, формальдегид 1,2-4,1 есе артық болса, бұл баланың ағзасына қауіп төндіреді. «Химиялық зиянды заттар фенол, формальдегид бала жүйкесiне әсер етедi, терiге тез сiңедi. Кадмий тыныс алу жолдары мен асқазанға зиянды әсер етсе, қорғасын ағзаға жиналып, созылмалы улануға себеп болады. Бір қорқыныштысы, осы қауіпті қоспалар базардағы ойыншықтардың бойында бар.
Фарида Мұстафина, СЭС дәрігері:
- Резинадан жасалатын ойыншықтар көбірек. Бұлардың құрамында біз тексеретін фталаттар бар. Фталаттың баланың ағзасына зиянды әсері өте көп. Егер ол күні бойы ойнаса, күні бойы қолына ұстаса, оны аузына салса әсер етеді.
Сапасыз ойыншықпен бірге сәбилеріне ауру сатып аламын ба деп алаңдайтындар көп. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жақындағы Жолдауында бұл мәселеге тоқталып, ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы екенін айтты. Халықты денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясаттың жоқтығын да жасырмады. Осы ретте, Үкіметке шаралар қабылдауды және жұмысты ретке келтіруді тапсырды. Өйткені, мемлекет бизнеске көмек көрсеткенімен, адам құқығы мен денсаулығы қашан да маңыздырақ.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.