Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі басталды

10.10.2018

Халықаралық маңызды басқосуға әлемнің 46 елінен 82 делегация қатысуда. Алтыншы жиын «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өтіп жатыр. Отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.

Бақытжан Оар, тілші:

Съездің Бейбітішілік және келісім сарайында өтуінің өзімдік символы бар. Жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер қатысуда. Олардың арасында елімізге ресми сапармен келген Сербия президенті Александр Вучич те бар. Биылғы съез ерекше басталды. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған хор халық арасында кең танылған «Ақ көгершін» әнін бірнеше тілде орындады.

Бүгінгі съездің жұмысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашып берді. Президент әлемдегі діни қақтығыстар, дүниенің әр түкпірінде болып жатқан жанжалдарға тоқталып, оның қандай зардап әкелетіндігін тізіп берді. Мемлекет басшысы қазіргідей заманда әрбір ел ұлтаралық және конфессияаралық байланысты дамыту керектігін айтты. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі. Әркімде діни еркіндік бар. Қазақстан бойынша бүгінгі 3 мыңнан астам діни нысан жұмыс істеп тұр. «Тіпті елімізде конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі де қалыптасты», - деді Президент. Оны әлем елдері үлгі ретінде пайдалана алады. Нұрсұлтан Назарбаев съезде әлем үшін маңызды бірнеше ұсыныс жасады. Соның бірі білімге қатысты болды. Қазір дүниежүзі бойынша 750 миллион адамның сауаты жоқ. Яғни, олар не оқи, не жаза алмайды. Президент осы мәселені шешуге атсалысу керектігін айтты. Әсіресе, осы адамдардың діни сауатына назар аудару қажет. Съез жұмысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін» Ватиканның папалар кеңесін марапаттады. Қасиетті тақ үнемі Астанадағы бұл форумға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Президент бірнеше діни лидерлерді мемлекеттік награда мен естелік медальдармен марапаттау жөнінде тапсырма берді.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық съезді ұйымдастыру жөніндегі бастаманы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Осыдан 15 жыл бұрын, яғни, 2003 жылы Астанада халықаралық форумның алғашқы отырысы өтті. Сол уақыттан бері әр 3 жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жиын әлемдегі бейбітшіліктің орнауына айтарлықтай үлес қосқанын атап өткен жөн болар.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу