Алматыда осы заманға сай үлгідегі айрықша жаңа үй ашылды. Ерекшелігі сол, мұнда ауқымды шаралар өткізуге болады. Сондықтан, елге танымал жазушылар жаңа кітаптарының тұсаукесерін осында жасауға мүдделі.
Жаңа кітап дүкенінің дизайны ерекше. Ал, ішіне кірсеңіз, кітап музейі іспетті. Әрбір сөреге жарық шамдары орнатылған. Ұлттық ән-күй мен классикалық музыка үзілмей ойнап тұрады. Сілтемелер арқылы қалаған кітапты қарауға болады.
Элеонора Баталова, «Алматы кітап» баспасының басшысы:
- Шындығында, қазір біреуді таңқалдыру қиын. Бірақ, біздің мақсатымыз - азаматтардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Өздеріңіз білесіздер, адамның кітапқа сүйіспеншілігі бала кезде оянады. Сондықтан, басымдықты балаларға бердік. Дүкеннің іші кішкентайлардың көңілінен шығатындығы анық.
Мұнда отандық және шетелдік баспалардың алуан түрі бар. Оқырмандар үшін көркем шығармалар, балалар әдебиеті, оқулықтар мен әдістемеліктер, ғылым мен бизнес, проза мен поэзия, психология туралы туындылар көпшілік назарына ұсынылған. «Сондықтан, мұндай форматтағы дүкен көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттырады», - дейді зиялы қауым.
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек ері:
- Кітап дүкенінің ішінде «Рухани жаңғыруға» арналған арнайы бөлім бар. Міне, бұл білімге білім қосады. Тек қана бұған қызықтыру керек. Кеше ғана Елбасымыз Жолдауды біліммен бастады, біліммен аяқтады.
Бұдан бөлек, оқырмандарға арналған арнайы портал да жұмыс істеп тұр. Ал, алдағы уақытта белгілі қаламгерлердің кітап көрмелері мен тұсаукесерлерін, келелі кездесулер өткізу ісі жоспарда бар.
Аманкелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.