Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дүниеден озды. Бұл күллі Алаш жұрты үшін орны толмас қайғы. Ол 1938 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Еңбекпен есейген қайраткер қаламгер тәуелсіздікке дейін де, егемендік жылдарында да қазақтың жоғын жоқтап, намысын қамшылады. Жұрт оны «қазақтың Шерағасы», деп атады. Себебі, ол ұлттың рухымен біте қайнасып, болмысымен бір болып кеткен еді. Сондықтан, қазақ журналистикасының нары саналған халық жазушысының есімі ел жадында мәңгі сақталады.
Қаралы хабар қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. 86 жасында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бақилық болды. Тағдырдың жазуы - осы. Бір кем дүние.
Дулат Исабеков, драматург-жазушы:
- Шерағаң адал жолдың ақ қолдаушысы, Қыдыры деп айта аламын. Шерағаңның басқа басшылардан ерекшелігі ол еш уақытта ішіне кек сақтамайтын. Басқа басшылардың атына бір артық ауыз сөз айта қалсаң, сенің шығармаңды газет бетіне жолаттырмайтын.
Шерхан Мұртаза қазақ басылымдарының тізгінін ұстағанда журналистердің қоғам тынысы туралы ойын тыңдап, ұсынысын үнемі ескеріп отырған. Сондықтан, тілшілердің көтерген әрбір мәселесі аяқсыз қалмау үшін сол түйткілді жергілікті биліктің қалай орындағандығын бақылауда ұстаған.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
- Жиналыста Алтынсарин көшесі деген бір шолақ кішкентай көше бар деп айтылып қалды. Кейін «Алтынсарин көшесінің ұзындығы 100 метр» дейтін үлкен мақала шықты. Ертеңінде Шерағаңның беделі, ол басқарып отырған газеттің беделі, қазіргі Алматыдағы көсіліп жатқан бұрынғы Правда Алтынсаринге айналды.
Шерағаңның көзін көргендер оны «ақиқаттың алдаспаны еді, қолына қалам ұстағаннан шындықтың биігінен түспеді», деп еске алады. Өйткені, ол көтерген кез келген тақырыптың астарында маңызды дүние тұратын. Ал, жас журналистер мен жазушылардың елеулі шығармаларын кезіктірсе, баспасөз бетіне жариялатып, әркез қолдау көрсеткен.
Әлібек Асқаров, жазушы:
- Шерағаңның қолдауымен суретшілікті жиып қойып, жазушылыққа бет бұрдым.
Қазақ баспасөзі мен телерадиосының даму тарихында Шерхан Мұртазаның қолтаңбасы айқын. Өйткені, ол жазушылықпен бірге, қайраткерлікті де қатар алып жүрген еді.
Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Тәуелсіздік жылдарында ұлттық телевизияның негізін қалап, өз қолтаңбасымен бірнеше бағдарламаларға жол ашқан болатын.
Осылайша, өзіндік мектебін қалыптастырған Шерхан Мұртазаның қанатты сөзімен ширыққан жазушылар мен журналистер бүгінде ұлт руханиятын өрістетуге қызмет етіп жатыр. Сондықтан, бүгінде ел ішінде Шерағаңның шекпенінен шыққан деген ұғым қалыптасқан.
Ғалым Жайлыбай, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын:
- Бір сұхбатында «мені тағдыр жетеледі, сонау Жуалы мен Мыңбұлақта өскен жетім бала едім. Мені жетелеген адам жоқ. Мені арман жетеледі, тағдыр жетеледі», деп айтқан екен.
Қабырғалы қаламгердің артында ұлт мұраты үшін қызмет ететін шындықтың шыңырауынан шыққан шығармалары қалды. «Табылған теңіз», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» туындылары тұрғанда, қалың оқырман үшін қазақтың Шерағасы мәңгі жасай бермек. Сондай-ақ, оның туралықтың алдаспанынына айналған ерекше болмысы мен дара бейнесі шындықтың шырақшысы ретінде ел жүрегінде сақталады. Марқұммен қоштасу рәсімі ертең сағат 10-00-де М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма тетарында өтеді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.