Алаш жұрты Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш жұрты Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды

11.10.2018

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында өткен қаралы жиынға қаламгердің туған-туыстары мен бірге қызмет еткен достары және Шерағаңның шекпенінен шыққан шәкірттері келді.

Қаралы жиынға келген көпшілікке Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді. Одан кейін сөз алған зиялы қауым өкілдері Шерағаңның ел үшін атқарған істерін еске алып, тағылымды естеліктер айтты.

Нұрлан Оразалин, ақын: 

- Шерхан Мұртазадан қалың қазақ адал, әділ, отты, жалынды және шын сөзді күтетін еді. Шындықты шыңғыртып айтқан, көшімізді бастаған тұлғаларымыздың бірі  осы Шерхан Мұртаза болатын.

Шерхан Мұртаза қолына алған қаламын әр өлшемімен сілтеп, қаламды көк байрағымыздай берік ұстап, тек шындықтың биігінен көрінді. Өйткені, ол көтерген кез келген тақырыптың астарында ұлт үшін маңызды дүние тұратын. 

Уәлихан Қалижан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:   

- Шерхан Мұртаза өткен ғасырдағы, Тәуелсіздік алған осы ғасырдағы қазақ журналистикасының шыңына көтерілген ірі саяси тұлға. Ірі қаламгер, жазушы. Журналистиканың ең ауыр сәттерін басынан өткерген. Қандай кезеңде болсын, саяси идеологиялық қысым болған күндердің өзінде де Шерағаң өзінің айтар сөзін айтып жүрген журналистердің бірі.

Қабырғалы қаламгердің артында ұлт мұраты үшін қызмет ететін шындықтың шыңырауынан шыққан шығармалары қалды. «Табылған теңіз», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» туындылары тұрғанда, қалың оқырман үшін қазақтың Шерағасы мәңгі жасай бермек. Сондай-ақ, оның туралықтың алдаспанынына айналған ерекше болмысы мен дара бейнесі шындықтың шырақшысы ретінде ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ         

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу