Қазақ-өзбек шекарасында бірнеше  шақырымдық кезек  пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-өзбек шекарасында бірнеше  шақырымдық кезек  пайда болды

11.10.2018

Қазақ-өзбек шекарасында жүк тиелген көліктер бірнеше тәуліктен бері ұзын-сонар кезекте тұр. Бірінің артынан бірі тізбектелген көліктердің  қатары бірнеше шақырымға созылған. Әсіресе, Түркістан облысының аумағындағы Бауыржан Қонысбаев кеден бекетіндегі кептеліс 6-7 шақырымнан асады. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, мұндай кезек Кеден қызметкерлерінің жемқорлық әрекетінен пайда болып отыр. Олар тауар тасымалдаушылардың әрқайсысынан мәжбүрлеп ақша алатын көрінеді. Егер айтқан сомасын бермесе, «көлікке артық жүк тиегенсің» деп айыппұл салады немесе өзге де түрлі сылтаумен уақыт оздырады.

Мұны кезекте тұрған жүргізушілердің барлығы растағанымен, Кеден қызметінің басшылары  «сүттен ақ, судан тазамыз» деп ақталып бақты. Жүк көліктерінің мұндай ұзын-сонар кезегі тек бұл жерде ғана емес, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолы бойындағы «Майский» бекетінде де жиі болады.  

Ғұлам Махмадәлі, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Ақша берсең, көлікке тиеген жүгің сегіз-ақ  тонна болады. Ал, ақша бермесең 12 тонна  болып шыға келеді. Артық салмақ үшін айыппұл салады. Мұндай құйтұрқылық тек Қазақстан шекарасында жасалады. Өзбекстанда бұл үшін тиын да төлемейміз. Ол аздай, бекеттен кезексіз өтіп кетемін десең, 300 доллар беру керек. Кезекте тұрғанның өзінде бәрібір 100 долларыңды сыпырып алады.

Марат Құлакеев, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік бақылау басқармасының басшысы:

- Бізге мұндай арыз-шағым түскен емес.  Өз басым мұны бірінші рет естіп, біліп отырмын. Жүк көліктерін кедендік рәсімдеуден өткізу тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Екі ел арасында тауар айналымы өскендіктен, осындай кезек болып жатыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу