Түркістан облысында диқандар рекордтық көлемде өнім жинады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында диқандар рекордтық көлемде өнім жинады

12.10.2018

Екі миллион 700 мың тонна. Түркістан облысының дихандары алғаш рет бақша дақылдарынан осындай рекордтық көрсеткіште өнім жинады. Диқаншылықты ата кәсіп еткен жергілікті шаруаларға ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында көрсетіліп жатқан Үкімет қолдауы үлкен демеу болды. Жалпы, еліміздің жыл бойына жеміс-жидек пен бақша дақылдарына болған сұранысынан биыл 2-3 есе артық өнім алынды.

Жетісай ауданындағы шаруашылықта жемістің 8 түрі өседі. Диқан шабдалы, алма, анар мен алмұртты жиып алып, енді жүзім теруге кірісті. 110 гектарға жуық алқапта жүзімнің асханалық бірнеше сорты  пісіп тұр. Дәмі тіл үйіреді. Қанттылығы да жоғары. Бұл биылғы шілденің тым ыстық болғанының арқасы. Сондай-ақ, интенсивті тәсілді қолдаудың арқасында өнім молайды.

Ерлік Сәдібеков, шаруашылықтың бас агрономы:

- Былтырғы есеппен алғанда алмада 1,5 есе өнім көп. Ал, жүзімнен былтыр 17 тонна алсақ, биыл 27-28 тоннадан жинадық.

Осындай шаруашылықтардан жиып алынған өнімнің биыл 600 тоннасы шетелге экспортталды. Латвия, Ресей, Беларусь, Германия елдеріне жіберілді. Одан бөлек, облыс диқандары Астана қаласында 4 рет азық-түлік жәрмеңкесін өткізіп, елордалықтарға 18 мың тонна өнімді арзан бағамен саудалады. 

Оспанғали Жолбарысов, кәсіпкер:

- Мұның сапасы шетелдікінен жақсы болып тұр. Қазір бағасы да ыңғайлы. Осыны өзіміздің ішкі нарыққа шығарып жатырмыз. Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларына апарып сатамыз.

Биыл ауа райы диқанға жайлы тиген жоқ. Қуаңшылық болып, жаз кеш кірді. Әйтсе де аграрлы салада озық технологияларды пайдалану нәтижесінде күз берекелі болды. Диқандарға арзан бағамен 80 мың тонна минералды тыңайтқыш берілді.

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Тамшылатып суару жүйелері біздің облыста жалпы көлемі 164 мың гектарға жеткізілді. Жылыжайлар көлемі 1 мың 285 гектарға жеткізіліп, жалпы республикадағы көрсеткіштердің 80 пайызын қамтып отырмыз.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге айырықша көңіл бөлінген. Жылына 300 мың тоннаға дейін бақша дақылдары консервіленіп, шырын, тосап секілді өнім шығарылады. Бұл іспен 100-ге тарта кәсіпорын айналысады. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу