Қазақстандық экспорттаушы компанияларға кедергі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық экспорттаушы компанияларға кедергі көп

16.10.2018

Мәселен, Қарағанды облысының ұн өндірушілері былтыр шет елге шығарылатын өнімді жөнелту үшін теміржол вагондарының жетіспеушілігінен тығырыққа тірелді. Салдарынан нағыз сауда қызар күз айларында 65 пайыз өнім қоймаларда жатып қалды. Бұл экспортқа ұн шығарушы кәсіпорындардың алдын кес-кестейтін жалғыз тосқауыл емес. Елбасы Жолдауында қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту туралы тапсырмасын жүзеге асыру үшін отандық ұн өндірушілерге бірқатар өткір мәселелерді түбегейлі шешіп беру қажет.

Қарағандылық бұл кәсіпорын - ел көлемінде ғана емес, бірқатар мемлекеттерде танылып қалған отандық ірі ұн шығарушының бірі. Өнімнің жоғары, бірінші және екінші сұрыпты түрлерін дайындайтын серіктестік қарамағында 3 диірмен бар. Осыған дейін мұнда тәулігіне 200 тонна ұн тартылып келсе, сұраныстың артуына байланысты қазір 310 тоннаға дейін өнім өндіріп отыр.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ұн комбинатының директоры:

- Қазіргі таңда әлемнің 10-15 мемлекетіне Қазақстанның ұнын жіберіп жатырмыз. Экспортты 3-4 есеге дейін арттыруға болады. Әрине, ол үшін үкімет тарапынан бізге қолдау болуы керек.

Экспортты арттыра отыра, бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу үшін алдымен мемлекет тарапынан кәсіпорындарды дамытуға жеңілдіктер, қаржылай мүмкіндіктер жасалмай болмайды. «Бұл бір ғана осы зауыттың емес, отандық 350 ұн өндірушінің алға тартар ортақ мәселесі», - дейді кәсіпкер.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ұн комбинатының директоры:

- Ол үшін бізге пайызы төмен, ұзақмерзімді несиелер керек. Сосын электр қуатына біз қымбат төлейміз. 1 кВт-на 20 теңгеден төлейміз. Соны арзандатып берсе деген ойымыз бар.

Бұдан бөлек, дайын өнімді шетелге тасымалдау мәселесі кәсіпкерлер үшін қиынның қиыны. Өйткені, үнемі вагон жетіспей жатады. Сол себепті, өткен жылы қарағандылық ұн өндірушілер экспортқа шығаратын ұнның 65 пайызын қоймада қалдыруға мәжбүр болды. Биыл осы олқылық қайталанбас үшін жергілікті билік пен кәсіпкерлер палатасы бірлесе жұмыс істеуде.

Саламат Мұқашев, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары:

- Мемлекеттік органдар, «Қазақстан темір жолы», фитосанитария мамандарын шақырып, сол мәселені ертерек көтеріп жатырмыз. Осы жолы 500 мың тонна ұнды экспортқа жібереміз деп жатыр. Қазір 134 вагон дайын тұр. «Қазақстан темір жолы» тағы вагондар береміз деп отыр.

Сондай-ақ, былтыр көршілес Ресейден арзан бағалы бидайдың көптеп шығарылуы біздің нарыққа кері әсер етті. Қарағандылық өндірушілер ұнды ғана емес, осы үшінші сұрыпты бидайды да тәп-тәуір экспорттайтын. Мәселеге мемлекет араласып, қол ұшын созбағанда есіл астық шіріп қалар еді.

Сырым Бошпанов, Қарағанды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қасымыздағы Ресейдің арзан құнды бидайы келіп, біздің бәсекелестікке біраз кедергісін тигізді. Сонда біз мемлекетке 40 мың теңгеден үшінші сұрыпты бидайды мемлекеттік қорға сатып алу жұмыстарын жүргіздік. Біздің облыстан 6 мың тонна бидай мемлекеттік қорға сатып алынған болатын.

Қазір Қарағанды облысында 19 ұн өндіруші кәсіпорын бар. Олар Қырғыз елі, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сынды бірқатар мемлекеттерге көптеп ұн экспорттап келді. Енді соңғы жылдары Ресей мен Қытай нарығын игеруді қолға алды. Алайда, жыл өткен сайын сыртқы нарықта кедергі көбейіп барады. Оларды кәсіпкерлердің өздері шешуге қауқарсыз.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ұн комбинатының директоры:

- Қытай Халық Республикасы біздің 1 тонна ұнға 65 пайыз салық қойып қойған. «Біз сіздердің тауарларыңызға арзан салық қойып отырмыз. Сіздерге кіріп жатқан Қазақстанның ұнына қойылатын салықты төмендетіңіздер», деген сияқты мәселені алға тартса. Ауғанстанның өзі 1 тонна ұнға 52 доллар салық алады. Оны да төмендетуге болады. Неге? Өйткені, біз Ауғанстанға қаншама тегін көмек жасап жатырмыз. Тәжікстан мемлекетінде егер өнімді бидай күйінде кіргізсең, салығы төмен, ал, дайын ұн өнімі болса салығы жоғары.

Сондықтан, кәсіпкерлер сыртқы нарықта мемлекеттік тұрғыдан өздерінің құқығы барынша қорғалса дейді. Ал, сапа жағынан қазақстандық ұнға бәсеке аз. Себебі, құнары, экологиялық тазалығы бойынша біздің ұн жоғары бағаланады. 2011 жылға дейін қазақстандық ұн өндірушілер экспортқа шығарудан көш басында келді. Тек соңғы жылдары Түркия алға суырылып шықты.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ұн комбинатының директоры:

- Біз бірінші орынға қайта шығу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бірақ, енді көрші мемлекеттер өзінің нарығын қорғап жатыр, өзінің кәсіпкерлерін қорғап жатыр. Біздің үкіметіміз бір шара қолданып, бізге шетелге шығуымызға «жасыл бағдаршам» жағып берсе, онда біз бұрынғы бірінші орнымызды қайта қайтарып алар едік.

Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде алғаш рет егін егуде сандық технология қолданылды. Соның арқасында өнімділік бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды. Мұндай дәлдік технологиямен өскен бидайдың сапасы да жоғары. Шикізат нарығындағы бұл жаңашылдық ұн өндірісіне айтарлықтай серпін бермек.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу