Ақтөбе қаласында оқушыдан туберкулез дерті анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласында оқушыдан туберкулез дерті анықталды

17.10.2018

Ақтөбе қаласындағы №10 мектептің бастауыш сынып оқушысынан туберкулез дерті анықталып, онымен байланысты болған бірнеше адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Балаларын рентгенге апарып, тексертіп әуреге түскен ата-аналардың біразы ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүр болған. Өйткені, тегін қызмет көрсетуі тиіс емдеу мекемесі күніне 20 адам ғана қабылдай алады екен.

Туберкулезге шалдыққан оқушы қазір ауруханада. Бірақ, ереже бойынша, мұндай жағдайда мектепте ешқандай карантин жарияланбайды. Дегенмен, ата-аналардың мектепке кіруіне тыйым салған. Бізге де ішке кіруге рұқсат етілмеді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

-Бұл мектепте 1000-ға тарта оқушы бар. Соңғы жағдайдан кейін білім ордасының басшылығы оқушыларды рентгеннен өтуге міндеттеген. Ал ата-аналар болса, ақылы емханаларды жағалауға мәжбүр. Олар «мектеп ауласына неліктен жылжымалы рентген әкеліп қоймасқа?» деп наразылық танытып отыр.

Қазір ата-аналар балаларын қаладағы жеке емханаларға жетектеп әуре. Рентген аппаратына түсу үшін әр балаға ақы төлеуге мәжбүр. Ал, мектеп оқушыларына тегін қызмет көрсетуі тиіс аймақтық емхана күніне 20 баладан артық қабылдай алмайды.

Бұған дейін құрт ауруы табылған мектептегі балалардың барлығына манту сынамасы қойылған. «Сондықтан да бастауыш сынып оқушыларын рентгеннен өткізу міндетті емес», деп отыр облыстың бас фтизиатр дәрігері. 

Ерлан Тәтімов, облыстың бас фтизиатры:

-15 жасқа дейін балаларда туберкулезді анықтау тәсілі манту сынамасы болып табылады. Сол себепті жылжымалы флюра машинаға апарудың қажеті жоқ. Басқа балалар ондай тексеруге жатпайды.

Қалалық Білім басқармасы болса, мектепте зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін айтады. Тек қолдан карантин жариялағандары үшін мектеп басшылығы жауап беруі тиіс. Жалпы, биыл өңірде 9 баладан туберкулез дерті анықталған.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу