Сыр өңірінде «Алтын дән» күзгі жиын-терім мерекесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде «Алтын дән» күзгі жиын-терім мерекесі өтті

18.10.2018

Биыл Сыр өңірінің диқандары су тапшылығына қарамастан жоғары өнімге қол жеткізді. Сындарлы кезеңде сүрінбеген Жалағаш ауданының шаруалары еселі еңбектің арқасында қамбаны ақ күрішке толтырды. Мақсары, бидай, жоңышқаның да шығымы мол. Күзгі науқанды ойдағыдай аяқтаған ауыл жұртшылығының тоқшылық мерекесі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдық мерейтойымен қатар тойланды.

Биыл Сырдарияның сағасы тарылып, диқандар су тапшылығынан біраз әбігерге түскен болатын. Оның үстіне биыл ауа райы да жылы қабақ танытпай, күріш уақытынан кеш пісті. Осындай қиындықтарға қарамастан, жалағаштық күрішшілер ерен ерлік танытты. Әр гектарынан 57 центнерден өнім алып, көрсеткішті былтырғы межеден асырды.

Марат Қалниязов, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұрынғы 1990 жылдары біз бір гектардан 35-40 центнерден өнім алатын болсақ, қазір 70, 65, 80-ге дейін алып жатырмыз. Биыл 32 түрлі заманауи техника алып, соның арқасында ысырапсыз егінді жинап алдық.

«Алтын дән» мерекесінде ала жаздай маңдайы күнге, табаны жерге күйген диқандар қауымы сый-құрметке бөленді. Еңбекте озат атанғандар марапат төрінен көрініп, ел алдында ұлықталды.

Берлібек Жетіруов, озат еңбеккер:

- Менің жұмыс істегеніме жеті жыл уақыт болды. Мен өзім тасымалшымын. Осы істеп жатқан жұмысыма өте қуаныштымын.

Ауыл халқының тоқшылық тойында аудан орталығынан тағзым аллеясы ашылды. Демалыс орнында осы өлкенің тумалары, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов пен Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың ескерткіштері орнатылды.  

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл ұрпақ үшін қажет дүние. Сондықтан да, мұны үлгі тұтатын, тағзым алатын жақтары өте көп.

Бірлігі мен тірлігі жарасқан жалағаштықтар еңбеккерлердің мерекесін осылайша тағылымды шаралармен ұштастырып, дүбірлі той көпшілікке қуаныш сыйлады.

 

Әділбек СЕРІКҰЛЫ  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу