Астанадағы көмірдің көлемі мен бағасы бақылауда тұр. Мамандар «биыл тапшылық болмайды»,-дейді. Өйткені, қаланы қатты отынмен толық қамту жұмыстарына ерекше мән берілген. Егер көмір сату нүктелері басында қитұрқы әрекет тіркелсе 109 қызу желісіне хабарласу керек. Ал, әзірге көмірді жеткізуде үзіліс жоқ.
Сенбі-жексенбі күндері Астана қаласына 70 вагон көмір жеткізілді. Бұл шамамен 5 мың тонна. Қазір қатты отын қаланың негізгі 12 жерінде сатылып жатыр. Ал, оның жұмысын үйлестіретін 8 компаниямен жергілікті әкімдік бағаны құбылтпау мақсатында келісімге келген.
Мақсат Есмағұлов, қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:
- Бекітілген меморандумға сәйкес, бізде «Шұбаркөл» маркалы көмірдің максималды бағасы 14 500 тг, «Майкүбі» 13 500 тг, «Жалын» көмірі 17 500 тг, ал, «Богатырь» көмірі 9 500 тг құрайды. Егер де бағаның артуы бойынша заңсыздық бір жайттар болса, бізге шағымдана аласыздар. Яғни, заңмен қолданған шара бізде қабылданатын болады.
Қатты отын құны бұдан артық қымбат болмауы тиіс. Керісінше, кей көмір өткізу нүктесінде 500 немесе 1000 теңгеге арзанырақ. Мысалы, Көктал ауданында. Қанат осы жерге бірнеше қайтара келді. Алдымен өзіне, енді көршілеріне көмір түсіруге көмектесіп жүр.
Қанат Өтіров, қала тұрғыны:
- Өткен жылдары ажиотаж болған. Енді көмір бар. Үйге де түсіріп алдым. Ешқандай кезек жоқ. Баға тұрақты.
Биылғы жылу маусымына 400 мың тонна көмір жеткілікті. Бұл қыркүйек пен мамыр аралығы. Мамандар тамыз айынан бүгінге дейін 170 мың тонна көмір келгенін, ал, күніне 20 вагоннан астам қатты отын түсірілетінін айтты. Алайда, жақын ауыл тұрғындары да қаладан тұтынып отыр. Ертең қыс қысқанда қарбалас болары анық. Сондықтан, Қанат сияқты ерте қамданған дұрыс.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.