Бұған қажетті қаржы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен бөлінеді. Қыруар қаржыны шетел асырып, шекара сыртынан мал тасудың сыры неде?
Шетелден асылтұқымды ірі қара сатып алатын шаруашылықтың бірі осы. Меңдіқара ауданындағы Иванов аулында орналасқан. Қазір табынға жаңадан қосылатын малға қажетті жем-шөп пен қора қопсы дайын тұр. Енді қалғаны - бағасына келісіп, шекара сыртынан асылтұқымды түлікті алып келу ғана.
Раиса Беккердің шаруашылығы ет бағытындағы асылтұқымды ірі қара өсіреді. Қазір мұнда Әулиекөл тұқымды түліктің саны 400-ден асады. Жылына әрқайсысын 400 мың теңге көлемінде бағалап 60-70- бұқаны саудаға шығарады. Негізгі табыс көзі де сол. Алайда, қан араластырып отырмаса, малдың тұқымы бұзылады. Сапасы төмендейді. Сондықтан, биыл «Сыбаға» бағдарламасымен 40 млн. теңгеге Ресейден 70 сиыр сатып алмақ. Бөлінген қаржыға сәйкес бір бастың құны 550 мың теңгеден аспауы тиіс.
Раиса Беккер, шаруа:
- Бірақ, қазіргі баға 680 мың теңгеге шығып тұр. Біз енді ауыл шаруашылығын қолдау қорына өтініш жазып, осы бағаға алуға рұқсат берулерін немесе қосымша қаржы бөлуін сұраймыз. Болмаса бөлінген қаржы жеткенінше 70 емес, мүмкін 60 бас сатып аламыз.
Шетелден мал сатып алуға қажет қаржы шаруаларға 15 жылға дейін 14 пайыздық үстемемен несиеге беріледі. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Әрине, қаржыны шетел асырмай-ақ асылтұқымды түлікті ішкі нарықтан да сатып алуға болар еді. Алайда, бұл жердегі мақсат басқа.
Асылан Молдашев, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Айтылған бағдарламаның негізгі мақсаты – мал санын көбейту. Біздің республикамыздың экспорттық әлеуетін арттыру. Мал саны тек шетелден сатып алу арқылы ғана көбейеді ғой.
«Яғни, ішкі нарықтан сатып алу малды бір қорадан шығарып екіншісіне қамағанмен бірдей, өсіміне еш әсер етпес еді», - дейді бас маман. Жалпы, 2010 жылдан бері Қостанай облысына шетелден 13 800 бас ірі қара әкелініпті. Еліміз бойынша 2020 жылы асылтұқымды сиырлар санын 300 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде мал өнімдері экспортын арттыруға жол ашпақ.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.