Оралда көпірден дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда көпірден дау туды

24.10.2018

Көпірден дау туды. Орал қаласының әкімдігі апатты күйдегі көпірді бұзып, қайта салуға кірісті. Алайда, өткел іргесіндегі үй тұрғындары басқа аумаққа көшуге қарсы. «Құрылыс жүретін үш жылда үйіміз жарамсыз болып қалады » деп қорқады көпшілік.

Ел аузында Омега көпірі аталып кеткен бұл өткелдің салынғанына 40 жылдан асты. Көпір апатты күйде. Оның құрылысын қайта салу үшін өткелдің дәл іргесіндегі баспана тұрғындарын басқа аумаққа көшіру керек. Ал, бұған кей азаматтар қарсылық білдіріп жатыр.

Әсем Төлеуғалиеваның үйі көпірдің дәл астында тұр. Саманнан салынған апатты үй құрылыс басталғанда, тіпті, қирап қала ма деп қауіптенеді.

Әсем Төлеуғалиева, тұрғын:

- Бұзады деп жатыр. Оны 3 метрге үлкейтеміз дейді. Онда ауламызға дейін кіріп кетеді. Сонда біз қайда тұрамыз? Уақытша көшейін десек, үйден ештеңе қалмайды. Содан қорқып, айтып тұрмыз. Негізі, қарсылық жоқ, жасай берсін. Бізді көшірсін де, жасай берсін.

Ескі көпірдің дәл іргесінде үш үй бар. Әрқайсындағы екі-үш пәтерде 8 отбасы тұрады. Салынғанына 70 жыл болған баспаналарды тұрғындар қыруар қаржы жұмсап, жөндеп алған. Енді өз үйлерінен кеткісі жоқ.

Медет Имашев, тұрғын:

- Үш жылға кетсін дейді, мен кеткім келмейді. Үш жылда үйімізді тонап кетеді.

Асхат Казмуллин, тұрғын:

- Біз көпірдің салынуына қарсы емеспіз. Сала берсін. Өте жақсы. Бірақ, бұлай салу, дұрыс емес. Адамдармен санасып жатқан жоқ. Бізді заңды бір жерге көшірсін.

Құрылыс кезінде үйлерге зақым келсе, мердігер өтемақы төлейді деп уәде етті шаһар билігі. Тозығы жеткен өткелді жөндемей болмайды.

Мұрат Мұқаев, қала әкімі:

- Жаңа үй алып беруге ешқандай заңды негіз жоқ. Қазіргі таңда ол пәтер иелеріне кең, жарық, барлық жағдай жасалған пәтерлерді дайындап қойдық. Үш үй иесінің біреуі келісті. Қалған адамдар көшуі керек ол жерден. Өздерінің қауіпсіздіктері үшін.

Көпір қарашаның 1-інен бастап бұзылады. Екі жылға есептелген құрылыс көктемде басталады. Оған 5 млрд. теңге қаражат қаралған.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу