«Желілік маркетингпен» айналысатын, бірақ, ресми тіркелмеген, салық төлемейтіндер енді жауапқа тартылады. Шетелдік өндірушілердің тауарларын, түрлі қоспалар, ыдыс-аяқ тіпті опа-далапты сататындардың басым бөлігі қыз-келіншектер. Салық органдарының мамандары ірі компания немесе жеке тұлға болсын міндетті төлемді мемлекет бюджетіне өткізуі керек деген талап қойып отыр.
«Желілік маркетинг» өткен ғасырдың басында АҚШ-та пайда болған. Алғашында шағын кәсіпкерлердің тәсілі болса, көп ұзамай сауданың бұл түрі әлемге танылды. Қазақстанда да жұмыс істеген бірен-саран компаниялар кездесті. Ал, технологияның дамып, әлеуметтік желінің барлығына қолжетімді болуы бұл кәсіп түрін адам сенгісіз жылдамдықпен дамытып жіберді. Жекелеген тұлғалардың саудаға араласуы бизнестің көлемін, қатысушыларын, тіпті сол шетелдік өндірушінің қалтасына қанша ақшамыздың кетіп жатқанын анықтауға мүмкіндік бермей қойды.
Бахтияр Бөлеулиев, заң ғылымдарының докторы, сарапшы:
- Тауарын таратқан кезде фискалды чек бермейді. Фискалды чек бермегеннен кейін тауар қайдан келді? Қандай бағамен сатылды? Кәсіпкер қандай пайда көрді? Мемлекет оны есептей алмайды. Оны көре алмайды. Сондықтан, бұл көлеңкелі бизнес болып саналады.
«Желілік маркетинг» қатысушылары салықтан бөлек, міндетті медициналық сақтандыру, зейнетақы қорына өткізілетін төлемдерден де шеттеледі. «Бұл Қазақстан азаматының біраз мүмкіндігін шектейді», - дейді мамандар. Салық органдары үшін «көлеңкелі бизнеспен» айналысатындарды анықтау қиын емес. Өзгенің тауарын сатып, пайда көріп жүргендер жарнамасының барлығын ғаламторда, әлеуметтік желілерде таратады. Ал, міндетті төлемнен жалтарғандарға қарастырылған жаза қатаң қазір. Алдымен ескерту жасалып, кәсібін жүргізуге, банктерде есепшот ашуға тыйым салынады. Талапқа бағынбаса, жаза күшейе береді.
Айнұр Құлшықова, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
- Егер ол әрі қарай салықты төлемей жатса, онда жеке есеп шоттарындағы ақшаларын мәжбүрлі түрде алынады. Егер банк шоттарында ақша болса, соны мәжбүрлі түрде Мемлекеттік кірістер органдары ақшаларын мәжбүрлеп тәркілеп алады. Әрі қарай өз нәтижесін бермей жатса, біз мүлкін тәркілеп алып, оны әрі қарай электронды аукцион арқылы сата аламыз.
«Желілік маркетинг» қазір дәстүрлі саудагерлерге үлкен шығын келтіріп тұр. Дүкен аралап, тауар таңдауға уақыты жоқтар ғаламтор арқылы әлгі «желілік маркетинг» өкілдеріне тапсырыс береді. Олар қалағанын үйіне дейін әкеп береді. «Сондықтан, мәселені мейлінше жылдам қолға алмасақ, жағдай ұшыға береді», - дейді мамандар.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.