Желідегі бизнес немесе қазақстандықтар байып кетудің түрлі амалын іздеп кетті. Елімізде интернет арқылы тауар сатып, пайда тауып қана қоймай, жетегіне жүз мыңдаған адамды жетелеп жүргендер көбейе түсті. Ұсынатын заты мен қызметі әртүрлі болғанымен, тәсілі бір. Қалтаны қампитып, қиналмай-ақ бизнес бастау үшін адам тарту керек. Бірі арықтататын ғажап сусындар ұсынса, енді бірі аз ақшаға жер шарын шарлатуға уәде етеді. Бұл шындық па, әлде аңыз ба? Желідегі бизнес желкеден бір-ақ шықпай ма? Және табысқа жеткендер кімдер?
Оңай. Қауіпсіз. Жылдам. Желіге желдей ескен жарнамалар бүгіндері бизнестің түр-түрін ұсынады. Ең көп тарағаны мен сұранысқа ие болғандары – салмақ тастауға арналған шай-сусындар, косметика мен тұрмысқа қажет ұсақ-түйекті сату.
«Желілік маркетинг» дегенде осыдан 10-20 жыл бұрын көз алдымызға ала дорбасын арқалап, кеңсе аралап жүрген адам келуші еді. Косметикадан бастап киім-кешекті ұсынатын. Ал, қазір желілік бизнеспен айналысатындардың бейнесі мүлде бөлек. Олардың үсті үлде мен бүлдеге оранған, ал, қолдарында қымбат телефон.
Мінетіндері су жаңа көлік, ал, жүретін жерлері тек қана люкс. Әлеуметтік желіден теңге тауып жүргендердің әйгілі әншілер мен жүзі таныс жүргізушілер.
Салмақ тастап, сұлу болу, қымбат көлікке қол жеткізіп, бизнес бастау. Ал, мына компания көп шығындалмай әлемді шарлап келуді ұсынып отыр.
Әр адам 100 доллар төлеу керек. Ай сайын салып тұрсаңыз, компания ай сайын 100 доллардан сыйлап тұруға уәде етеді. Тағы бір амалы бар. Осы клубқа 5 адамды тартсаңыз, тегін саяхаттайсыз. Міне, осындай жарнамасы жағымды компаниялар желіні жарып тұр. Әлемге әйгілі ұйымдардың жұмысы заңсыз дей алмаймыз. Шынымен де, темір тұлпар мініп, жақсы табысқа жеткендер, дүние кезіп, бизнес шыңында жүргендер бар. Алайда, «желілік маркетингтің» шикі тұстары да жоқ емес. Нарықтың заңдылығына сәйкес, мұндай жетістікке екінің бірі жете бермейді. Жақындарының жарнамасына еріп, желілік бизнеспен айналысып көрген Мәдина Махамбетқызының осыған көзі жетті.
Мәдина Махамбетқызы, қала тұрғыны:
- Мысалы, мен 200 мың айлыққа дейін жеткен болатынмын. Бірақ, түнгі сағат 3-те ол 70 мыңға түсіп кетті. Қалай? Өйткені, менің бір қанатым озып кетті да, ал, екінші қанатым қалып қойды. ЖК арқылы алатын болсаң, белгілі бір пайыз ұстайды. Соны бізге ашық айтпайды. «Сен тіркелдің, өнімді сатсаң болды, ертең айлық аласың», дейді. Бірақ, олай емес, желілік бизнесті ұстап тұру өте қиын.
«Бизнестің биігіне халық алдында жүргендер, не кез келген сөзбен сендіре алатындар ғана шығады», - дейді ол. Сондай-ақ, теңгеге кенелу үшін кейде өзің ертіп әкелгендердің көз жасына да қарамау керек екен.
Мәдина Махамбетқызы, қала тұрғыны:
- Мемлекеттен жәрдемақы алып отыратын келіншек болды. Күйеуінен жасырып, салып отырды. 40-50 мың салды, ал, алатын айлығы 5-10 мың теңге. Өйткені, мен оны сендірдім, ал, мені басқа біреу сендірді. Сөйтіп күйеуімен кикілжің пайда болды. Содан желілік бизнесті қарапайым халық алып жүре алмайтынын түсіндім.
Өйткені, жетістікке жететіндер психологиялық тәсіл қолданады. Ел алдында жүргендер өз аудиториясын ұтымды пайдаланып, әдемі өмірге үміт сыйлайды.
Анна Кудьярова, психолог:
- Манипуляция деген нәрсе бар. Манипуляция ол психология. Адамның психологиясын біліп тұрып, қарны аш болса, мен сізге нан беремін деп, шөлдеп тұрсаңыз, су беремін деп шақырамын. Әйтеуір, бір үмітсіз шайтан ғой. Әйтеуір бір үмітпен адамдар барып жатыр.
Сондықтан, желілік бизнеске бет бұрмас бұрын әліңіз бен қабілетіңізді бағамдап алыңыз. Мамандар мен осы жүйенің қыр-сырын білетіндердің кеңесі осындай. Ал, алаяқтардың айласына түсіп қалмас үшін істерінің заңды екеніне көз жеткізген жөн.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.