Қарағандылық көлік жүргізушілері сапасыз жолдың зардабын жылдар бойы тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық көлік жүргізушілері сапасыз жолдың зардабын жылдар бойы тартуда

25.10.2018

Қаладағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолына төтесінен қосатын айналма жолдың асфальті мүлде жоқ. Ой-шұңқыры мен кесек тасы көп бұл аумақтан жеңіл көлік түгілі жүк машиналары зорға өтеді. Сапасыз жол қашан жөнделеді? 

Бұл - сапасыз жолдан әбден мезі болған жүргізушілердің жанайқайы. Әлеуметтік желіге жүктелген бейнежазбада Қарағандыдағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолына шығатын жалғыз айналма жолдың жайы жазылған.

Жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Жергілікті билік жүргізушілердің шағымынан кейін тас төсеп жамағандай болған. Алайда, нақ осы тас төсеуге келгенде қызбалыққа салынған сыңайлы. Үлкен кесектердің кесірінен көліктердің қозғалысы тіпті қиындап кеткен.

Транзиттік маңызға ие магистраль арқылы тәулігіне мыңдаған көлік өтеді. Оның дені жүк көліктері.

Мұрат Қарбозов, жүргізуші:

- Тіреліп қалып жатыр. Дөңгелекті тесіп тастайды. Мына жерді қалай істеуге болатынын білмеймін.

Азамат Құдияров, жүргізуші:

- Күнде осы жерден жүкпен өтеміз. Басқа айналма жол жоқ. Тастар ұшады. Машиналар көбінесе сынып тұрады.

Бұл аумақта ескі шахта болғандықтан, жердің үстіңгі қабаты әбден тозған. Жауын-шашын жиілеген кезде жүк көліктері жүрсе болды ой-шұңқыры тереңдеп шыға келеді. Сондықтан, жөндеуге кететін қаражат рәсуә болмас үшін алдымен жердің беткі қабатын нығыздау керек. Жергілікті билік өкілдері 7 магистральға жататын бұл жол бөлігін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайын деп отыр.

Ескендір Қабидолла, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

- Жөндеу жұмыстары келер жылы жаз айында басталады. Жердің беткі қабаты арнайы материалдармен нығыздалып, үстінен асфальт төселеді. Сондай-ақ, бұл жолмен үлкен техникалар да көп өтеді. Ол да жолға шыдас бермейді. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің уәдесі бойынша келер жылы қаланың шығыс аумағымен айналма жол ашылады. Сол кезде мұнда жеңіл көліктер ғана жүреді.

Демек, көлік жүргізушілеріне келер жазға дейін шыдауға тура келеді. Жолды жөндегенше талай техника сынып, қара халықтың қалтасын қағары сөзсіз.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу