Ақтөбеде жарты жыл бұрын қолданысқа берілген көпқабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жарты жыл бұрын қолданысқа берілген көпқабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр

25.10.2018

Жаңа үйдегі жайсыздық. Ақтөбеде қолданысқа берілгеніне жарты жыл болған көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін жылусыз отыр. «Құрылыс компаниясы күнде ертеңмен құрғақ уәдеге тойдырып келеді», деп ашынады тұрғындар.

Бұл бес қабатты үйді құрылыс компаниясы бір жыл бұрын пайдалануға беруі керек болған. Осыдан жарты жыл бұрын ғана тұрғындар қолдарына кілттерін алыпты. Алайда, қазір үйде жылу жоқ. Тұрғындар енді не істерлерін білмей дал.

Гүлнар Сағынтаева ескі үйін сатып, ақшасын осы пәтерге салған. Құрылыс біткенше пәтер жағалаған.

Гүлнар Сағынтаева, қала тұрғыны:

- Бір жыл пәтерде тұрдық, енді тұра алмаймыз. Осында келіп тұрып жатырмыз. Жылу жоқ, газ жоқ. Кішкентай баламен ауруханаға екі рет жаттық.

Қазір үйдегі 60 пәтердің жартысында адам тұрып жатыр. Басқалары туыстарының үйін паналап жүр. 

Әнуар Әбутәліп, қала тұрғыны:

- Бір бөлмесінде ғана отырмыз. Ас үйге күртешемен барып тамақ ішеміз.

Ашынған тұрғындар құрылыс компаниясының кеңсесіне баса-көктеп кірді. «Іргелес салынып жатқан мектеп құрылысы кешеуілдеген соң, газ қоса алмай отырмыз», - дейді серіктестік басшысы.

Денис Григорьев, құрылыс компаниясының басшысы:

- Біз газды жаңадан салынып жатқан мектеппен бірге ортақ желіден алуымыз керек. Олар кешеуілдетіп отыр. Техникалық ақаулары болған. Тұрғындардың жағдайын түсінеміз, қазір газды басқа желіден алуға рұқсат алып жатырмыз.

Тұрғындарға газды бүгін-ертең қосуға уәде берді. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, қалада 1968 көпқабатты үй бар. Барлығы жылу жүйесіне қосылған.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу