Оралда үш күннің ішінде шетелде тіркелген 72 автокөлік тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда үш күннің ішінде шетелде тіркелген 72 автокөлік тәркіленді

31.10.2018

Көлік иелерінің мойнында 650 мың теңгеден астам қарыз бар. Салық, коммуналдық қызмет, әкімшілік айыппұлды төлемегендердің көлігі айыптұраққа қамалды.

Бұған дейін шетелде тіркелген көлік мініп, ереже бұзған жүргізушіні құрықтай алмаса, енді жылжымалы кешеннің жаңарған жүйесі борышкерлерді бірден анықтайды. Жыл басынан бері қарызы бар 615 көлік иесі ұсталған. Олардан 32 млн. теңге өндірілді.

Олжас Ибрайымов, БҚО Полиция департаменті әпб бөлімше бастығының міндетін атқарушы:

- Ұсталғаннан кейін шетелдік көлікті басқарған азаматқа жол ережесін бұзушылықтары бары туралы хабарлама беріледі. Оған 30 күнде ерікті түрде төлеу мүмкіндігі беріледі. Егер 30 күн ішінде айыппұл төлеуден жалтаратын болса, ол азаматқа мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылады.

Яғни, көлік айыптұрағына қойылып, борышкерлер үйіне жаяу қайтады. Олардың мемлекетке қарызы 900 млн. теңгеге жуықтаған.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Қарызың болса, көлігіңнен айырыласың. Жыл басынан бері 250-ден астам көлік айыптұрағына қойылған. Олардың 40-тан астамы шетелдік көлік. Иелерінің коммуналдық қызметке, салыққа, тіпті алимент бойынша да борышы бар.

Тек қана көлік салығы бойынша батысқазақстандықтардың 350 млн. теңге берешегі бар. Кейбір тізгіншілердің мойнындағы қарызы миллион теңгеден асады. Бес жылдан бері айыппұлын төлемегендері де жетіп артылады.

Ринат Кабаков, қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

- «Форд-Галакси». Айыппұл салынды, мемлекеттік қарызы бар, баж, салық, кредиттері, 1 млн-нан астам теңге жалпы қарызы болғасын, көлік айыптұрағына қойылды.

Көлік иесі қарызынан құтылғанда ғана мүлкін алып кетуге құқылы. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бүгінде борышкерлермен күресте ең тиімді шара осы болып тұр.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу