Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Байдалы би ауылындағы орта мектептің үшінші қабаты 20 жыл бос тұрған. Тоқсаныншы жылдары ауыл жұртының басым көпшілігі қалаға көшкен кезде бала санының аздығына байланысты ғимараттың бұл бөлігі мүлде жабылып қалған. Бүгінде ауылда бала саны өсіп келеді. Бұған қоса, жастар бос уақытын тиімді өткізу үшін мектепті толықтай пайдалану жоспарланып отыр. Ол үшін білім мекемесінің үшінші қабаты жөндеуден өтуде.
Байдалы би ауылының мектебі 1988 жылы салынған болатын. Содан бері ғимараттың үшінші қабаты пайдаланылмаған. Оған басты себеп оқушы санының аздығы болатын.
Ғимараттың үшінші қабаты жөнделіп бітсе, бұған дейін мектеп жанындағы балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндер сонда жайғасады. Бөбекжай күнұзаққа жұмыс істейтін болады. Білім ошағының жылдар бойы бос тұрған бұл бөлігінің жалпы ауданы 1200 шаршы метр. Қазір барлық бөлмелері толығымен жөнделуде. Төбесінен су өтіп, есік-терезесі аңғал-саңғал жатқан ғимараттың үшінші қабаты қазір адам танымастай өзгерген.
Тілеш Әштаев, Жаңаарқа аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Жергілікті бюджеттен 17 миллион 312 мың теңге бөлінді. Қосымша демеушілер көмегімен жылу жүйесін жаңартуға 10 миллион теңге ақша бөлініп жатыр. Шатырына қаражат бөлінді. Мұның барлығы болашаққа жасалып жатқан жұмыс. Ауылда бала саны өсуде. Сол бағытта мектептің бос ғимаратын іске қосып жатырмыз.
Ауыл тұрғындарының көбі үдере қалаға көшкен 1990 жылдары оқушылар саны 100-ден зорға асатын еді. Қазір жаңа жұмыс көздері ашылып, ауыл халқы әбден орныққан. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң осындағы 250 шәкірт ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында оқиды. Ал, бірінші қабатта балабақшадан бөлек, аудандық өнер мектебінің бөлімі, спорттық жаттығу залдары ашылады. Осылайша, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалмақ.
Далабай Сәтжан, Ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы:
- Міне, мектебіміз жөндеуден өтіп жатыр. Биылғы жылы ауылымызда көптеген игі шаралар атқарылды. «Атасу жан жүрегім» деген тақта қойылды, соғыс ардагерлерінің ескерткіші ашылды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Жалпы, Жаңаарқа ауданында мектеп жетіспеушілігі, үш ауысым мүлдем жоқ. Ал, облыс деңгейінде Ұлытау, Ақтоғай аудандарында және Теміртау қаласында білім ошақтарының жетіспеушілігі бар. Сондай-ақ, өңірде бірнеше мектеп үш ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.