Соңғы кездері шамасы келген қазақ жастары шетелде оқып, шетелде жұмыс істегісі келе бастады. Оған елдегі жоғарғы білім сапасының төмендігі және лайықты жалақының болмауы себеп болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы да Жолдауда ашық айтып, мәселені тездетіп шешуді тапсырған.
Осы бастамаға жырақта жүрген жастар да үлкен үміт артып отыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі білім қуып, жұмыс іздеп Ресейде баратын болғандықтан, осы елдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы біраз жастармен сұхбаттасып, олардың пікірін тыңдап көрді.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Ресми деректер бойынша, шет мемлекеттерде 100 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр. Олардың жартысынан көбі, яғни, 65 мыңнан астамы Ресейде. Бұл елдегі Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан сияқты ірі шаһарларды айтпаған күннің өзінде, шекаралас аймақтарда да ресейлік оқу орындарын таңдайтын жастардың қатары көп.
Қазақ жастарының Ресейге лек-легімен келуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Ресей - іргемізде тұрған көрші мемлекет, сол себепті, мұндағы жұрттың мінез-құлқы, өмір-салты бізге жақсы таныс. Екіншіден, елімізде екінің бірі орысша білгендіктен, тілдік кедергі жоқ. Үшінші және басты себеп білімнің сапасы.
Марлан Жолдахмет, РФ Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясының магистранты:
- Әлемдік оқу орындарының рейтингін алатын болсақ, Ресейде осы талапқа сай келетін оқу орындары көп, мүмкіндігі де мол. Екіншіден, оқу базасы, зерттеу жұмыстары жан-жақты. Сондықтан, осындай себептер жастардың білім сапасын арттыруға мүмкіндіктер береді.
Бұл пікірмен ақтөбелік Анастасия Трубникова да толық келіседі. Қазір ол Қазан қаласындағы федералды университетте логопед-дефектолог мамандығы бойынша оқып жатыр. Орта мектепті бітіріп, университетке түсер кезде Анастасия бірден Ресейді таңдаған. Жерлесіміз оның себебін былайша түсіндіреді.
Анастасия Трубникова, Қазан федералды университетінің студенті:
- Ресейдегі білім сапасы Қазақстанға қарағанда көп ілгері. Оның үстіне ресейлік дипломым болса, Қазақстанға келіп, жұмыс табу да жеңіл. Сол себепті, қазір жастардың көбі шетелде білім алғысы келеді. Сосын олардың басым көпшілігі Қазақстанға қайтып, жұмыс істеп те жатыр. Бірақ, мен келешекте Татарстанда қалатын шығармын. Себебі, Қазақстанда менің мамандығым бойынша жұмыс істейтін арнайы мекемелер жоқтың қасы. Жалпы, біздің елде тәжірибесі жоқ жас кадрлардың жұмысқа тұруы өте қиын.
Жұмыс демекші, соңғы жылдары шетелде, сол шетелдің бірі Ресейде жұмыс істеп жатқан қаракөздердің де саны көбейіп келеді. Әрине, бұл тұрғыда нақты статистика жоқ. Дегенмен, бір анығы, қазақ жастары мұнда қара жұмыс іздеп келмейді. Алайда, ең қиыны да сол. Себебі, білімді де білікті, тепсе темір үзетін кадрлар қадірі болмаған соң елден кетіп жатыр. Сондай жанның бірі – Ақбота Мұратқызы. Қазір ол Мәскеудегі қытайлық және жапондық екі бірдей компанияда қатар істеп, айына 3 мың доллар табыс табады. Бейжіңде білім алған жас маман алғашында елге оралып, жұмыс істеп көрген. Алайда, айлығы шайлығына жетпеді.
Ақбота Мұратқызы, мұнай компаниясының қызметкері:
- Маған ең көп дегенде 65 мың теңге төлейтін еді. Ал, оның алдында Қытайда оқығанда кеш шешім қабылдағандықтан, ешбір стипендияға құжат тапсырып үлгермедім. Сөйтіп, 3 жылды ата-анам өзі төледі. Жылына 20 мың доллардай кететін. Сонда мен 3 жылға 60 мың доллар төлеп, кейін 65 мың теңгеге жұмыс істеп отырғаным ұят. Маған ата-анама тезірек сол ақшаны қайтару керек.
Ал, Нұрсұлтан Мақсенұлы Ресейдің Рубцовск қаласында туып-өскен. 10-сынып бітірген соң отбасымен атамекеніне көшіп келген қандасымыз Қазақстанда жоғарғы білім алды, жұмысқа тұрды. Алайда, елде көп тұрақтай алмады. Қазір ол 3 мың қызметкері бар Ресейдегі ең ірі ІТ компаниялардың бірінде еңбек етеді.
Нұрсұлтан Құржанғұлов, ІТ компанияның қызметкері:
- Біріншіден, басқа елде жұмыс істеу арқылы сол елдің мәдениетімен, тұрмысымен танысуға болады. Шетелде азаматтардың қалай жұмыс істейтінін көресіз. Бұл дегеніңіз, өте керек дүние. Менің Польшада, Чехияда жұмыс істеген көптеген таныстарым бар. Сондықтан, елдің бәрі жоғарғы жалақы іздеп, Қазақстаннан біржола кетіп жатыр деп ойламаймын. Шетелде тәжірибе жинап, сосын елге келіп, табысты жұмыс істеуге болады.
Біз сұхбаттасқан жастардың ойлары, көбінесе бір жерден шығып жатты. Олардың елден жырақта, бөтен ортада жүруіне, елдегі жоғарғы білім сапасының төмендігі, жұмыстың жоқтығы немесе жалақының аздығы себеп. Дәл осы мәселелер Президенттің биылғы Жолдауында айтылып, жай айтылып қана қоймай, оны шешудің нақты жолдары да көрсетілді. Ресейдегі қазақ жастары мұның барлығы іске асса, елге қайтуға дайынбыз деп отыр. Әзірге олардың ешбірі аспан түстес төлқұжаттарын, яғни, азаматтықтарын ауыстырмай, жат жұртта уақытша жүр. Себебі, «өз үйім, өлең төсегім».
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.