Заңсыз миграция тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз миграция тыйылмай тұр

02.11.2018

Оңтүстік Кореяның көші -қон қызметі визасыз режимге қарамастан биылғы 10 айдың өзінде 5 мың қазақстандықты әуежайдан кері қайтарған. Себебі, олар Кореяға заңсыз жұмыс істеуге келді деген күдік тудырған.

Кореяның көші-қон қызметі бүгін Қазақстанның бұқаралық  ақпарат құралдарына бірінші рет сұхбат берді. Осы кездесуден жаңа ғана шыққан әріптесім Дулат Абибуллаев қазір Сеулден байланысқа шығуға дайын тұр.

Дулат Абибуллаев, тілші:

Расында да Кореяда өзге елдің бұқаралық  ақпарат құралдарына сұхбат беру сирек жағдай. Дегенмен, осы елдің көші-қон қызметімен сұхбаттасудың сәті түсті. Белгілісі, екі ел арасындағы визасыз жүріп тұру режиміне қарамастан корей шекарашылары 5000 қазақстандықты елдеріне кіргізбей  әуежайдан  кері қайтарған.  Себебі, бұл азаматтар олардың күдігін туғызған. Олардың барлығы дерлік  бұл елге  келгендегі мақсаттарын  шекарашылармен сұхбаттасу кезінде түсіндіре алмаған.

Жалпы Кореяда алыс-жақын шет елдерден 310 мыңнан астам  заңсыз мигрант бар екен. Оның 12 мыңға жуығы - Қазақстан азаматтары. Корей көші-қон қызметі бұл мәселені шешуге Қазақстан тарапы да құқықтық құжаттар қабылдап, атсалысуы керек дегенді айтты.

Пак Джу Хен, Оңтүстік Корея Республикасы көші-қон қызметі тергеу бөлімінің хатшысы:

Заңсыз мигранттар санын азайту үшін әлемдік тәжірибеде екі елде құқықты шаралар мен өзге де шектеулер қолданады. Мысалы, депортация жасалған азаматтарды өз еліне оралған соң шетелдерге мүлде шығармау  секілді санкциялар қолданылғаны дұрыс.  Біздің заңнама бойынша оларға 20 миллион вонға дейін айыппұл салынады және 10 жылға дейін Кореяға кіруге шектеу қойылады. Сондықтан да, заңсыз жүргендер  жасыл дәліз режимін барынша қолдануы керек.

Белгілісі, бүгінге дейін бірде бір Қазақстан азаматына ақшалай айыппұл салынбаған. Корей билігі бұл құқықтық құралда әзірге қолданған емеспіз деп отыр.  Қолданған күннің өзінде айыппұл көлемі заңсыз жүрген мерзіміне байланысты өзгеріп отырады. Яғни, 20 миллион вон немесе 6,5 миллион теңге бұл айыппұлдың шектік мөлшері.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу