Шымкентте кілем тоқу фабрикасына 50 миллион теңге айыппұл негізсіз салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте кілем тоқу фабрикасына 50 миллион теңге айыппұл негізсіз салынған

02.11.2018

Шымкент қаласындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі - кілем тоқу фабрикасына 50 миллион теңге айыппұл негізсіз салынған. Кедендік декларацияны толтыру кезінде жіберілген бір ғана кемшілік түркиялық инвестордың жұмысына тұсау салуға шақ қалды. Мемлекетік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандарының араласуынан кейін іс тоқтаталып, қаржы кәсіпорынға қайтарылды.   

Кілем тоқу фабрикасында қазір өндіріс қайта қалыпқа түсті.  Бес жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде жылына 5 миллион шаршы метр кілем тоқиды. Шығарылған өнімнің 65-70 пайызы ішкі нарықта  сатылса, қалған бөлігі Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан мен Әзірбайжанға экспортталады. Фабрикада 320 адам жұмыс істейді.

Оғыз Дурру, фабриканың атқарушы директоры:

Біздің қателіктеріміз болуы мүмкін, олардың да қателіктері болуы мүмкін. Жалпы отырып сөйлесіп, заң шеңберінде шешу мәселесі бойынша департаменттің көмегін көрдік. Осындай айыппұлдарды төлемей, жаратқан ақшамызды өндіріске жұмсап, жұмысымызды дамытуды қалаймыз.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  департаменті кілем тоқу фабрикасынан өзге тағы 10 шақты кәсіпорынға заң бойынша кеңес беріп, құқықтарын қорғап қалды. Тағы 9 кәсіпорынның құқығын заң тұрғысында қорғауға көмектесу үшін келісім жасалды. Бұл өндіріс орындарына жұмсалған шетелдік инвестиция 27 миллиард теңгеден асады.  

Әли Көмекбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Шымкент қаласы департаментінің басшысы:

Біз әрине, мұнымен тоқтамаймыз. Біздің ендігі қадамымыз тек қана шетелдік инвесторлармен шектелмей, өзіміздің ұлттық инвесторларымен де осындай жұмысты ұйымдастырып, жүргіземіз.

Инвесторларды сыбайластық әрекеттерден қорғау үш саты бойынша жүргізіледі. Әкімшілік қысымға ұшыраған  кәсіп иелері  алдымен аумақтық департаментке, мәселе шешілмесе, орталық аппаратқа,  ең соңында агенттік төрағасына шағымдана алады.  Олармен байланыс үшін сенім телефоны мен ғаламтор желісінде арнайы сайт ашылған.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу