Қарағандыда үш жыл бұрын үйін су шайған жұрт әлі күнге баспанасыз жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда үш жыл бұрын үйін су шайған жұрт әлі күнге баспанасыз жүр

05.11.2018

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында 2015 жылғы көктемде үйлерін тасқын су шайған 8 отбасы әлі күнге баспанасыз жүр. Жергілікті билік оларға үй салу үшін қажетті ақшаны қорға жиналған қаражаттан береміз деп уәде еткен екен. Алайда, содан бері үш жыл уақыт өтсе де, мәселе әлі шешілмеген. Амалы таусылған жұрт Ұлттық арна тілшілеріне хабарласып, жанайқайларын жеткізді.

Үш жыл бұрын Бұқар жырау ауданының Садовое ауылындағы бірқатар үйді су шайып кеткенде, Сайрангүл Мизамханның да үш бөлмелі баспанасы тұруға мүлде жарамай қалды. Ақыры комиссия ұйғарымымен бұзылды. Тұрғындардың біразына үй салып берген жергілікті билік бірнеше жанұяға қорға түскен қаражаттан көмек көрсетіледі деп шешті. Алайда, Сайрангүлдің отбасы әлі күнге ол ақшаны алмаған. Қолында бұрынғы қожайыннан үйді сатып алғаны жөнінде келісімшарты, баспананың бас жоспары, басқа да құжаттары бар. Тек сол табиғи апатқа дейін үйді атына аударып үлгермеген.

Сайрангүл Мизамхан, Садовое ауылының тұрғыны:

- «Сіздерге үй саламыз»,- деді. Жер алып, актісін жөндедік. Оған да қаншама ақшамыз кетті. Одан кейін «сіздерге үй салуға болмайды, біз сіздердің ақшаларыңызды береміз», - деді. Әне береміз, міне береміз деп үш жылдан асып кетті.

Аудан бойынша 2015 жылы 260 үй суға кетті. Олардың барлығына дерлік баспана салынған. Тек 8 отбасы әлі күнге үй орнына берілетін қаражатты ала алмай жүр. Олар қорға ақшаның жиналғанын күте-күте қажыған.

Сапар Сатаев, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

- Қорға қалай түседі, солай ақша бөлеміз. Бюджеттен бере алмаймыз. Өйткені, дәл сол су тасқыны кезінде ол кісілердің құжаттары дұрыс болмай, заңға сәйкес келмей қалды. Сондықтан, олар қордан алады деген шешім қабылданды.

«Қалған отбасыларды баспанамен қамту үшін 18 миллион теңге қаражат керек», - дейді жергілікті билік өкілдері. Баспанасыз жұрт еріксіз ипотекалық несиеге кіріп, енді бірі үй жалдап тұрып жатыр.

Баспанасы суға кетіп сергелдеңге түскен сегіз отбасының мәселесі жақын арада шешілмек емес. Себебі, қорға қаражат қашан түсетіні белгісіз. Осыдан үш жыл бұрын құрылған қорға енді миллиондаған қаражат жиналады дегенге жұрт сенбейді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу