Қостанай облысында 200-ден астам кәсіпорын жұмысшылардың еңбекақысын көтереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 200-ден астам кәсіпорын жұмысшылардың еңбекақысын көтереді

06.11.2018

Жалақы өсімі шамамен 43 мың адамды қамтиды. Елбасының Жолдауында айтылған бұл бастаманы өңірдің ауыл шаруашылық құрылымдары да қолдап отыр.

Облыстағы ең ірі компаниялардың бірі «Астық индустриясы» агрохолдингінің өндіріс ошақтарында 500-ден аса адам жұмыс істейді. Қазір мұндағы орташа жалақы 80 мың тенге. «Болашақта ең төменгі еңбекақы мөлшерін сол шамаға жақындатамыз», - дейді агрохолдинг басшылығы. 

Раушан Нұрғалиева, «Астық индустриясы» агрохолдинг директорының орынбасары:

- Біз Елбасының бастамасын толық қолдаймыз. Сондықтан, 1 желтоқсаннан бастап, ең төменгі жалақы алатын 50-ден астам жұмысшының еңбекақысын өсіруді жоспарлап отырмыз. Егер осыған дейін олар 30 мың теңге алып келсе, енді 43 мың теңгеден жоғары болады. Бірінші кезекте қызмет көрсетуші құрамның айлық жалақысы көтеріледі.

Қарабалық ауданындағы «Агро-Торо» серіктестігі негізінен егіншілікпен айналысады. Ұжымда 230 адам еңбек етеді. Оның 35-і ең төменгі еңбекақы алып келді. Нақтырақ айтқанда, күзетші, еден жуушы, аспаз сияқты жұмысшылардың айлығы мардымсыз болатын. Енді олардың жалақысы жаңа жылдан емес, 1 желтоқсаннан бастап, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге өседі.

Любовь Брызгалова, тазалық қызметкері:

- Біз Президенттің Жолдауын тыңдадық. Одан ең төменгі жалақы көлемі өсетіні туралы естідік. Яғни, табысымыз артады. Әрине, қуаныштымыз. Себебі, алдағы күндерден тек жақсылық күтеміз.

Жалпы, «Агро-Торо» шаруашылығы 32 мың гектар алқапқа егін салады. 4 гектардан астам шабындық және жайылым жері бар. Кәсіпорын басшылары жалақыны өсіру еңбек өнімділігінің артуына да оң әсер етеді деп есептейді.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу