Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі енгізілмек

07.11.2018

Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Төменгі палатаның спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл құжат тікелей Елбасының тапсырмасын орындауға сеп болады және көрсетілетін қызметтің сапасы артады.

Елбасы барлық реформаларында халықтың денсаулығына ерекше мән береді. Ол жылсайынғы Жолдауларында да, бағдарламалық құжаттарда да көрініс тапқан. Парламент палаталарының сессиясы ашылған кезде де тегін медициналық көмектің кепілденділірген түрінің жаңа моделін енгізу үшін құжатты тездетіп қабылдауды тапсырған еді. Президент тапсырмасын орындау маңызды. Әзірленген құжат тікелей осы мақсатқа бағытталған. 11 заңнамалық актіге түзету енгізілмек. Оған сәйкес, ең төмен қажетті медициналық көмек барлық азаматтарға, оралмандарға, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылады. Оның шеңберінде жедел көмек, санитариялық авиация, медициналық санитарлық алғашқы көмек, станционарлық көмек кіреді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қатар, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделі үш деңгейде көрсетіледі.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, жаңа заң жобасында медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару ісін жүйелеу, зерттеулер мен клиникалық практиканы біріктіру арқылы кадр даярлау қарастырылған. Бұл бірінші кезекте кадрдың қадірін арттырып, сапасын жақсартады. 25 негізгі сырқаттың тізбесі болады. Ол тізбе ауру мен өлімнің 77 пайызы. Бұларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегі толық ұсынылады. 

Медициналық білім беру саласындағы университеттік клиникалар енгізу өте маңызды. Себебі, студенттер бірінші курстан бастап клиникалардың негізінде сабақтарын оқуы қажет. Үкімет қаулысымен бірнеше ғылыми институттар университеттерге тапсырылып жатыр. Құжатты бүге-шүгесіне дейін қараған депутаттар оны бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар, Мәжілістің бірінші оқылымында «Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжат арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтар саласындағы заңнаманы жетілдіріп, олардың қызметін жандандыруды көздейді.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу